Кәсіподақ төрағасы Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты

Ұлыстың ұлы мерекесі қарсаңында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің Шымкент филиалының құрамындағы «Kameya Clinic» медициналық орталығында өткен Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты.

Бейбітшілік пен ынтымақ салтанат құрған жиында арнайы дайындалып келген қызметкерлердің қазақтың ұлттық нақыштағы бөрігі мен ою-өрнекпен көмкерілген көйлектері тойдың сәнін ажарландыра түскендей. Жиналған жұртшылық ұлттық тағамдардан дәм татып, ұлық мейрамның басты дәмі – Наурыз көжеден ауыз тиді. Мерекелік жиында сөз алған АКБ төрағасы клиника ұжымын келе жатқан Әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі лебізін білдіріп, орталықтың бірқатар белсенді қызметкерлеріне Алғыс хат табыстады.


Бауыржан Ілімшеұлының іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде мыңжылдық тарихы бар Наурыз елдің ең жақсы көретін және асыға күтетін мейрамы екенін, бұл мейрам жаңару нышанын танытып, адамдардың өзара ынтымағын және табиғатпен тұтастығын көрсететін көктемгі күн мен түннің теңелер шағының айрықша нышаны ретінде тойланып келе жатқанын айтты.

Салт-дәстүріміз насихатталып, халықты тату тірлікке үндеген жиында ұлттық құндылықтар барынша дәріптелді. Наурыз тойда тұсау кесу мен бесікке салу рәсімдері өтті. Бауыржан Ілімшеұлымен кездесу сәтін тиімді пайдаланған бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері ұлттық рәсімге сай «Үлкен кісінің жолын берсін!» деген ниетпен балдарының тұсауын кестірді. Жиын соңында күмбірлете күй төгіліп, жырдан шашу шашылды.