ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамымен құттықтауы

Құрметті әріптестер, қымбатты достар!

Баршаңызды жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз мейрамы – күн мен түннің теңесіп, ескінің жаңаратынын айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Бұл – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.

Бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз. Еліміздің ынтымағы мен мерейін асырып, адамдар арасында сыйластықты арттыратын, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетілетін бұл мерекенің  еліміз үшін маңызы айрықша.

Жыл басы Наурызбен бірге табиғат ана ғана түлеп қоймай, адам баласының да жан-дүниесі жаңғыра түседі. Бұл – бағзы заманнан келе жатқан мереке. Наурыз табиғат пен қоғамның жаңаруын, Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін әспеттейді.

Күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, арқа-жарқа болатын Ұлыстың ұлы күні берекелі істерге, таусылмас ырыс-дәулетке, қазақстандықтардың  ынтымақ-бірлігін одан әрі нығайта түсуге бастасын!

Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры қашанда берік, туы биік болсын!

Ұлыс оң, ақ мол болсын!

 

 

Ізгі тілекпен,

ҚР Кәсіподақтар федерациясының

төрағасы                                                                                 С.Дәулеталин