Қызылордада әлеуметтік әріптестер еңбек жағдайын жақсарту мәселесін талқылады

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасы Мақсұт Нәлібаев, комиссия мүшелері, облыстық прокуратура, еңбек инспекциясы, кәсіпорындар басшылары қатысты. Күн тәртібінде облыстағы бірқатар кәсіпорындағы жұмысшылардың еңбек жағдайы туралы мәселе, атап айтқанда лайықты жалақы төлеу, жұмыскерлерді әлеуметтік көтермелеу мәселелері талқыланды. Комиссия отырысында «Торғай Петролеум» АҚ, «АГМ-Табыс» ЖШС, «Қамқор Вагон» ЖШС кәсіпорындарындағы қазіргі еңбек жағдайларын кәсіпорын басшылары баяндады.


Кәсіпорын, мекеме, жауапты сала басшыларына бірінші кезекте жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына баса көңіл бөлу керектігі ескертілді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамын құрметтеу, өз ісін сапалы атқаратын адамдарды үнемі көтермелеу туралы айтты. Кез келген мекеменің тірегі – оның қызметкерлері. Сондықтан ұжым мүшелерінің еңбек жағдайларын жақсартуға барлық мүмкіндік көздерін қарастыру керек, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыстық үшжақты комиссия төрағасы, облыс әкімі көтерілген мәселелерге жеке-жеке тоқталып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.