StreetNet халықаралық кәсіподақтар альянсы ҚР Кәсіподақтар федерациясымен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты

Сейсенбі, 28 наурыз күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин StreetNet халықаралық альянсының өкілдерімен кездесу өткізді.

Іс-сапардың мақсаты туралы айта келе, StreetNet халықаралық хатшысы Джамалладин Исмайлов пен оның әріптесі, Еуропа және Орталық Азия бойынша StreetNet ұйымдастырушысы Катерина Ярмолюк-Крьок Халықаралық кәсіподақтар альянсының ҚРКФ мүше ұйымы, YNTYMAQ кәсіподағымен және жалпы Федерацияның өзімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін білдірді.

21 жыл бұрын Оңтүстік Африка Республикасында құрылған StreetNet халықаралық кәсіподақтар альянсының бүгінде дүние жүзі бойынша 55 мүше ұйымы бар, 620 000-нан астам көше және базар сатушыларын қамтиды.

«Бүгінгі күні альянстың 4 бөлімі бар: Латын Америкасында, Батыс және Шығыс Африкада және Еуропада. Мүше ұйымдар Әзірбайжан, Украина, Беларусь, Молдова және Қырғызстанда жұмыс істейді. Біз көбісі өзін-өзі жұмыспен қамтыған көшелер мен базардағы сатушылардың мүддесін алға тартамыз. Біз бұл адамдарды еңбек құқығы, келіссөздер жүргізу, әлеуметтік қорғау негіздеріне оқытып, ұлттық кәсіподақ орталықтарымен тәжірибе алмасамыз. Бұл тұрғыда біз үшін Қазақстанның тәжірибесі де маңызды», – дейді Катерина Ярмолюк-Крьок.

StreetNet халықаралық хатшысы Джамалладин Исмайловтың айтуынша, халықаралық альянс Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясымен ынтымақтастыққа мүдделі.

«Бізді еңбеккерлердің құқықтарын қорғауда сөзсіз көшбасшы болып табылатын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының тәжірибесі қызықтырады, Федерацияның әділ еңбек қатынастарын құру стратегиясы біздің көңілімізден шықты. Ұлттық заңнамаға араласпай, біз тәжірибелер мен ұсыныстармен алмаса аламыз», – деді Джамалладин Исмайлов.

Қонақтарды тыңдаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ қызметі туралы айтты.

«Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы 2 миллионға жуық мүшені біріктіреді, оның құрамына 23 салалық, 17 аймақтық және 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. ҚРКФ Қазақстандағы ең ірі республикалық кәсіподақтар бірлестігі болып табылады және серіктес елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтарымен қарым-қатынасты дамытады, сонымен қатар Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының толыққанды мүшесі болып табылады. 2021 жылы кәсіподақтар қозғалысы тарихында алғаш рет үш республикалық кәсіподақтар бірлестігінің күш-жігерін біріктіру арқылы Бас келісім жобасы бойынша бірыңғай ұстанымды әзірлеуге қол жеткіздік. Өткен сайлау науқанында біздің кәсіподақ белсенділері өкілді органдардың депутаттығына кандидат ретінде белсене қатысты. Біз кәсіподақтардан жаңадан сайланған депутаттардың қолдауымен еңбек және кәсіподақ заңнамасына өзгерістер енгізуді көздеп отырмыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ басшысы қазіргі таңда Федерация 2 миллионға жуық қазақстандық өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың тағдырына да алаңдаушылық білдіріп отырғанын және әлеуметтік әріптестермен бірлесіп бейресми еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясы еңбекті құрметтеуге, еңбек адамын құрметтеуге, адал еңбек қатынастарын құрметтеуге негізделген жаңа қоғамдық келісімді  қабылдау қажеттігін алға тартады. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға да қатысты. Қазақстанда шағын және орта бизнес саласындағы ұжымдық шарттық қатынастарды қамту 46,8 пайызды құрайды. Әрбір еңбек адамы өз құқығын біліп, оны қорғай білуі керек деп есептейміз. Әрбір жұмыс істейтін адам лайықты жалақы алып, лайықты жағдайда жұмыс істеуі керек. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы StreetNet-тің ынтымақтастыққа деген қызығушылығын қолдайды және оны дамытуға ниетті», – деді ҚРКФ төрағасы.

Тараптар ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағалығымен өтетін Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі аясында бірлескен ынтымақтастықты дамытуға келісті.

ҚРКФ медиаорталығы