Қарағандылық кеншілердің мәселелерін шешу үшін «Еңбек» депутаттық тобын құру ұсынылды

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Владимир Яблонскийдің, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің атқарушы директоры Сергей Огайдың, «ҚАЗКӨМІРКӘСІП» көмір өндірушілердің салалық кәсіптік одағының төрағасы Марат Миргаязовтың, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаевтың, «Жақтау» металлургтер кәсіподағының төрағасы Виктор Щетининнің қатысуымен «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық компаниясының құрамына кіретін еңбек ұжымдарының өкілдерімен кезекті кеңес өтті.


Кеңесте Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай қалаларындағы кеншілер мен металлургтер отбасыларының тұрғын-үй жағдайларын қамтамасыз ету және жақсарту үшін «Отбасы банк» Қарағанды филиалының желісі бойынша жеңілдікпен кредит беру, қызметкерлерді ведомстводан тыс мекемелерде санаториялық-курорттық емдеу, жұмыс орындарын жабдықтау, заманауи тау-кен металлургиялық жабдықтармен техникалық жарақтандыру мәселелері қаралды.

Еңбек ұжымдарының мүшелері әлеуметтік сипаттағы мәселелерді де көтерді: спутниктік қалаларда автокөлік жолдарын салу және жөндеу, Шахтинск қаласындағы емхана ғимаратын жөндеу.

Әрине, зейнетке әділ шығу, регрессорларға қатысты әділ шешім жолдарын іздеу мәселелері назардан тыс қалмады, осыған байланысты Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен арнайы кездесу ұйымдастыру жоспарлануда, осы және өзге де мәселелерді шешуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қарағанды облысынан депутаттары Құдайберген Бексұлтанов пен Арман Қалықов міндетті түрде қосылатын болады.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, депутаттық корпус құрамында облыстық деңгейде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ еңбек ұжымының төрт өкілі ұсынылғанына байланысты, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен Еңбек адамдарының мәселелерін шешу үшін Қарағанды облыстық мәслихатында «Еңбек» депутаттық тобын құруды ұсынды.