Балуандар бақ сынасты

Ұлт ұясы Ұлытауда жауырыны жерге тимеген балуандар көп. Бұған аудандық білім бөлімі мен Ұлытау ауданы білім қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымының бастамасымен жалауын көтерген “Тау барысы” белдесуінде көз жетті.

Байрақты бәсекенің ашылуына арнайы келген қадірлі меймандар Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбекұлы, Ұлытау Аудандық Мәслихаты хатшысы Ахат Құрмансейітов пен Ұлытау облысының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының Төрағасы Марат Қоңырбаев спортшыларға сәттілік тіледі.

Марат Сейілбекұлы өз сөзінде салауатты өмір салтын ұстанып, жанынан қазақтың күресін серік еткен балуандардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі айрықша рөлін атап өтті.

Бәсекеге ауданның әр аймағынан 70-ге жуық балуан қатысты. Олар төрт салмақта және “Түйе балуандар” сайысы бойынша сынасты.

Жарыс нәтижесінде 60 келі салмақта ІІІ орын Бекзат Маратов (Егінді), ІІ орын Ерболат Жанғасқанов (Ұлытау), І орын Аманбек Баймағанбетов (Ұлытау). 70 келі салмақта ІІІ орын Қазыбек Нұрхаш (Шеңбер), ІІ орын Бауыржан Омаров (Ұлытау), І орын Мирас Қанат (Ұлытау). 80 келі салмақта ІІІ орын Нұрлан Айтбаев (Аманкелді), ІІ орын Медет Бухарбаев (Терісаққан), І орын Кеменгер Жүсіпәлі (Қоскөл). 90 келі салмақта ІІІ орын Аман Уалинов (Алғабас), ІІ орын Ақжол Шубай (Егінді), І орын Арман Шакимов (Ұлытау). Ал, “Түйе балуандар” сайысында ІІІ орын Айдын Шахым (Сарысу), ІІ орын Арман Шакимов (Ұлытау), Мирас Қанат (Ұлытау) доданың “Түйе балуаны” атанды.

Жүзден жүйрік шыққандарды ұйымдастырушылар Бағдат Абдраимов пен Канат Жылкыбаев сән салтанатымен марапаттап, қомақты ақшалай сый табыстады.


Көпшіліктің Ұлытауды дүбірге бөлеген белдесуді дәстүрге айналдыру ұсынысы қолдау тауып, аталған бәсеке келер жылы заңды жалғасын таппақ.