Тау-кен саласындағы еңбеккерлердің жалақысын индекстеу – кәсіподақ назарында

Ақтөбе облысы – еліміздің өнеркәсіп саласындағы іргелі өңірлердің бірі, экономикалық әлеуеті басым өңір. Бұл өңірде «Казхром»ТҰК АҚ Ақтөбе феррроқорытпа зауыты, Дөн кен байыту кобинаты, Ақтөбе рельс арқалық зауыты мен Ақтөбе мыс компаниясы, “Altynex company” АҚ, “Ақтөбе хром қосындылары зауыты”, “Восход-Ориел” серіктесіктерінде 20 мыңға тарта жұмысшы еңбек етеді.

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы жұмысшылардың еңбек құқықтарын, олардың еңбек қауіпсіздігін басты назарда ұстайды. Осы орайда тау-кен саласындағы жоғарыда аталған ірі кәсіпорындардағы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері дөңгелек үстелде бас қосып, ортақ мәселелерді талқылады.

Дөңгелек үстелдің модераторы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев кездесудің негізгі мақсатын, әлеуметтік диалогты ілгерілету қажеттілігін және кәсіподақ ұйымдары арасындағы өзара іс-қимыл туралы нақты ұсыныстарын жеткізді.

Кездесуде кәсіпорындардағы ағымдағы жағдай, жалақы, ұжымдық шарттардың ережелері, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері қамтылды.

“Қазхром” ТҰК АҚ бірлескен кәсіподақ төрағасы А.Соткаровтың айтуынша, қазіргі уақытта қызметкерлер үшін әлеуметтік кепілдіктер кеңінен қарастырылуда. Оның ішінде жалақыны индекстеуді қамтитын Ұжымдық шарттың жаңа жобасы қазір дайындалуда. Мысалы, егер қолданыстағы ұжымдық шартта отбасында жаңа туған әрбір бала үшін 10 АЕК төленсе, онда жаңа жобасында төлемді 30 АЕК (103 500 теңге) дейін ұлғайту жоспарлануда. Өткен жылдың өзінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 364 бала дүниеге келді. Олардың әрқайсысына кәсіподақ былтыр 20 мың тенгеден төлем берген.

Сондай-ақ, кәсіпорындарда бұрын енгізілген «Халықтық бақылаудан» басқа қауіпсіз еңбек жағдайлары жақсы ұйымдастырылған, әр цехта сигнал қораптары орнатылған. Кез келген қызметкер ықтимал тәуекелдер туралы сигнал парақтарын жәшікке түсіре алады, әрбір сигнал парағы үшін 2 АЕК жалақысына қосымша ақы алынады. Қазіргі уақытта “Қазхром” ТҰК АҚ кәсіпорындарда 5s жүйесін құратын Кайдзен-команда құралын енгізуде.

Ақтөбе рельс арқалық зауытында да қауіпсіз еңбек жағдайлары тиісті деңгейде ұйымдастырылған. 2018 жылдан бастап кәсіпорында жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Бірегейлігі – барлық технология толығымен автоматтандырылған. Кәсіпорындарда ұжымдық шарт бар, бірақ онда жалақыны индекстеу туралы ереже жоқ. Осыған байланысты кәсіподақ орталығының төрағасы әріптестеріне облыстық үшжақты келісімге жұмыс берушінің жалақыны жыл сайын инфляция деңгейінде индекстеу міндетін қамтитын толықтырулар енгізілгенін, сондықтан бұл норма барлық қолданыстағы ұжымдық шарттарда көрсетілуге тиіс екенін еске салды.

Дөңгелек үстел барысында “Altynex company” АҚ мен “Восход-Ориел” ЖШС кәсіподақ ұйымының жаңадан сайланған төрағалары С.Ишниязов пен Ж.Жаленов сөз сөйледі. Жаңадан сайланған кәсіподақ жетекшілері тәжірибелі әріптестерімен ой бөлісіп, тәжірибе алмасқандарына ризашылықтарын білдірді. Дөңгелек үстелде айтылған Бас, салалық және облыстық келісімнің шарттары мен ережелері олар үшін жаңалық болып шықты және осы тақырыпта оқыту семинарына қатысуға инетті екендіктерін жеткізді.

Өз кезегінде Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы А.Әмірғалиев оларға ҚРКФ-ның соңғы Бас кеңесінде оқытудың 3 деңгейін, оның ішінде кәсіподақ кадрларын бастапқы даярлауды қамтитын кәсіподақтық оқыту тұжырымдамасы қабылданғанын хабарлады.

Сонымен қатар, кездесуде Дөн тау-кен байыту комбинаты кәсіподағы төрағасының орынбасары Ж.Бисенов жаңа бастамалар туралы ой бөлісті. Қазіргі уақытта комбинат жанынан Хромтау қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан “Мұғалжар” балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді, ол 1 360 баланы қабылдай алады. Балалар сауықтыру лагерінің бірегейлігі – бұл жұмысшылардың балалары тегін бара алатын ыңғайлы заманауи жабдықталған лагерь. Мұғалжар тауының бөктеріндегі көлдің жанында, көркем жерде орналасқан. Осыған байланысты кәсіподақ төрағасының орынбасары маусым айында әріптестеріне таныстыру мақсатында балаларды одан әрі жіберу үшін лагерьге баруды ұсынды.


Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев әріптестерінен кәсіподақ газетіне, ҚР Кәсіподақтар федерациясының сайттары мен әлеуметтік желілерінде өз қызметін белсенді түрде жариялауды сұрады. Өз кезегінде дөңгелек үстелге қатысушылар бір саланың мерзімді кездесулерін өткізуге қызығушылық танытты.

“Ортақ мәселелер осындай ашық диалог түріндегі кездесулер арқылы шеімін табады”, – дейді қатысушылар.