Ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды

Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді.

«Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды», – дегендей шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіріп, білімге шексіз құштарлығын оятқан білікті ұстаздардың бірі – Әйтеке би ауданы, Абай атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Бақажанов Марат Қашақбайұлы. Ол кезінде өзі білім алған мектепте 26 жылдан бері дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп келеді. Осы уақыт ішінде жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға, қиындықтарға дайын болуға үйретіп, ең бастысы оларды жігерлендіріп келеді.

Сонымен қатар «Шахмат» факультатив пәні бойынша жүргізген сабақтары өз жемісін беруде. Оқушыларға шахмат ойынын үйрету олардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытуға зор әсерін береді. Шахмат ойнай білетін бала аз уақытта ойын шоғырландырып, туындаған жағдаятты сараптауға дұрыс шешім шығаруға үйреніп, алдына қойған мақсатына жетуге талпынады. «Жас шахматшы» үйірмесінің оқушыларға берері көп. «Жас шахматшы» үйірмесінің бағдарламасы оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай құрылған. Ойын әліппесі мен тактикасы толық қамтылған. Үйірме сабақтары баланың жеке қасиеттерін ашуға ықпал етеді.

Марат Қашақбайұлының шәкірттері шахматтан аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Дарынды балаларды қабілеттерін шыңдап, оқушыларын жоғары жетістікке жетелей білген Бақажанов Марат Қашакбайұлвның еңбегі ескерусіз қалғаг жоқ. Ұлағатты ұстаз 2019 жылы Р. Қалиев атындағы аудандық шахмат турнирінде «Абай ЖОББМ» командасын дайындап, жоғары нәтиже көрсеткені үшін Әйтеке би аудандық білім бөлімі, білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының алғыс хатымен марапатталды.

Спорт күні мерекесіне байланысты білім беру саласыдағы тынымсыз шығармашылық еңбегі және жас ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттаудағы қол жеткізген табыстары үшін аудандық кәсіподақ тарапынан марапатқа ие болды. Баязит Құдайбергенұлы атындағы «Атажұрт» білімділер мен жігерлілер сайысында аудандық шахматтан жалпы командалық есепте 2-орын алып, Әйтеке би аудандық білім бөлімінің алғыс хатына ие болды.