Ұлағатты ұстаздар Нағиевтер әулеті

Мұғалім – барлық мамандық иелерін тәрбиелейтін мейірімді жан. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі аяулы әрі білімді шәкірттері. Оқушылардың мектеп табалдырғын аттаған сәтінен бастап, еркелігін көтеретін де, қателігін кешіретін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де – ұстаздар.

Темір ауданында мұғалімдікті атадан балаға мирас етіп, ұлағатты ұстаздар династиясын қалыптастырып келе жатқан әулеттердің бірі – Нағиевтер отбасы.

Темір ауданы, Қопа ауылында 40 жылдан астам бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен Елешева Нина Қожайқызы 1938 жылы 16 ақпанда Темір ауданының Кеңестуы ауылында дүниеге келген. 1954-1958-жылдары Ақтөбе педагогикалық училищесінде білім алған. Бірнеше жыл бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет еткен ұстаз бірнеше аудандық, облыстық мақтау қағаздарына ие болған.

Нина Қожайқызының қызы Нағиева Сырлыгүл Сәрсенқызы анасының жолын қуып, анасы еңбек еткен мектепте 35 жылдан бері музыка пәнінің мұғалімі болып абыройлы жұмыс істеп келеді. Сырлыгүл Сәрсенқызы мектепті үздік аяқтап, 1983-1987-жылдары Ақтөбе педагогикалық училищесінде, 1993-1997-жылдары Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқыған.

1987 жылдан бері өзі оқыған Қопа жалпы орта білім беретін мектепте музыка пәнінен сабақ беріп, балаларды өнерге баулып жүр. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Сырлыгүл Сәрсенқызы бірнеше мәрте аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі дипломдармен марапатталған. 2020 жылы ҚР білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасына ие болды.

Нина Қожайқызының қызы Нағиева Бақытгүл Сәрсенқызы 1981 жылы дүниеге келген.1997-2001 жылдар аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқыған. Мамандығы- тарих пәнінің мұғалімі. Қазіргі уақытта Ақтөбе көлік, байланыс және коммуникация колледжінде әдістемелік кабинет әдіскері болып қызмет етеді.

Әулеттің келіні Нағиева Гүлдария Өтегенқызы да педагог. Қопа жалпы орта білім беретін мектебінде орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Нина Қожайқызының жиендері де киелі мамандықтың кілтін ұстап, ұстаздар династиясының жолын жалғады.

Амирова Гүлайна Абайқызы Ақтөбе қаласындағы № 57-мектепте абыройлы еңбек етіп келеді. Мамандығы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Амирова Қызжібек Абайқызы 2012-2016-жылдары Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алған. Мамандығы – саясаттану және әлеуметтану пәнінің оқытушысы. Ақтөбе гуманитарлық колледжінде еңбек етеді.

Сәбит Саттар Абайұлы 2018-2020-жылдары Қ Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқыған. Мамандығы-музыка пәнінің мұғалімі. Қазіргі уақытта өзі оқыған Қопа жалпы орта білім беретін мектебінде жұмыс істейді.

Осылайша, мұғалім мамандығын қадір тұтқан өнегелі әулет талай буынның санасына білім мен тәрбие дәнін сеуіп келеді.