Мектеп жүрегі – мұғалім

«Еңбек адамы» атты тұрақты айдарымыздың бүгінгі шығарылымының кейіпкері – Орал қалалық №19 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ақкереева Батима Ислатқызы. Өмірінің 34 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қалдығайты совхозында 1968 жылы 25 наурызда дүниеге келген. Бала күнінен білімге құмар, жаны жаңашылдықты қалайтын жеткіншек оқушы күнінен ұстаздық жолды таңдап, сол бағытта білім алады.

Бүгінгі таңда жетістігі мол үздік ұстаз өз кәсіби шеберлігін растайтын бірнеше облыстық, республикалық деңгейдегі мадақтаулармен қатар, педагогикалық қызметтегі шығармашыл табыстары үшін БҚО білім басқармасы білім беруді дамыту орталығы атынан «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

Кейіпкеріміз: «Бастауыш сынып мұғалімі – пән оқытушы ғана емес, ол – бағбан, баланың болашағына бағыт беруші, бала бойындағы қабілетінің көзін ашушы, қорғанышы деуге болады. Барлық білімнің негізі бастауышта қаланатын болса, балаға дәл осы кезде білім беріп қалудың маңызы зор. Бастауыш мектеп – баланы оқуға үйрету мен тәрбиелеу, оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, жалпы дамуының қалыптасуына жағдай жасайтын негізгі саты. Сондықтан, бастауыш мұғаліміне қойылар талап пен жауапкершілік те салмақты.»,-деп сыр шерткен кейіпкеріміз жас ұстаздар буынымен үздіксіз өз тәжірибесімен бөлісетінін айтты.

Батима Ислатқызы негізгі жұмысымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысында да белсенді. Үнемі ұжымдастарының мүддесін қорғап, өңір деңгейіндегі әлеуметтік, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда өз үлесін қосып жүрген жанашыр мұғалім.