ҚРКФ төрағасы: «Ешкімнің кез келген кәсіпорынның Конституциясы саналатын ұжымдық шартқа қол сұғуға құқығы жоқ»

Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы» ЖШС-де болып, еңбек ұжымымен ашық әңгіме өрбіді.

«Ұлы қабырға» мұнай-сервистік компаниясы Қазақстан-Қытай компаниясы – «СНПС-АМГ» АҚ құрылымына кіреді. Кәсіпорын қызметкерлерінің жалпы саны 562 адамды құрайды, оның 377-сі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қазақстандық мұнай-газ саласы кәсіподағының мүшелері.

Сапарының мақсатына тоқталған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек ұжымдарымен мұндай кездесулер әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдайды жан-жақты талқылауға және қажет болған жағдайда әлеуметтік әріптестерге өзекті мәселелерді шешуде қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Біздің барлық қызметіміз кәсіпорын қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Бұл – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау және еңбекақы, оны индекстеу, басқа да әлеуметтік кепілдіктер және жергілікті әлеуметтік әріптестермен қарым-қатынас мәселелері», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Белгілі болғандай, «Ұлы қабырға» кәсіпорнында жаңа ұжымдық шартты тіркеуге байланысты күрделі жағдай туындап отыр. Мәселенің мән-жайына кәсіподақ комитетінің төрағасы Бекболат Умаров тоқталды. Оның айтуынша, 2023 жылдың 1 сәуірінде «Ұлы Қабырға» ЖШС жұмыс берушісі мен «Ұлы Қабырға» ККБК» ЖШС кәсіподақ ұйымы атынан қызметкерлер арасындағы нормаларды бірлескен талқылаудан кейін 2023-2025 жылдарға Ұжымдық шарт жасалды. Заңға сәйкес, жаңа ұжымдық шарттар еңбек инспекциясында міндетті түрде тіркелуге жатады.

«Алайда, Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы басқармасы ұжымдық шарттың тіркелмегені және қайтарылғаны туралы кәсіпорынға жазбаша хабарлама жіберген. Еңбек инспекциясының қорытындысына сәйкес, қолданыстағы заңнамада ұжымдық шартқа қосылу үшін қызметкерлердің қандай да бір ақша төлеуге міндеттемесі жоқ. Осылайша, мемлекеттік инспекция өз шешімімен еліміздің Еңбек кодексінің 156-бабын ескерусіз қалдырды», – дейді кәсіподақ комитетінің төрағасы.

Бұл ретте 156-баптың 1-тармағында («Ұжымдық шарттың тараптары. Ұжымдық келiссөздер жүргiзу, ұжымдық шартты әзiрлеу және жасасу тәртiбi») «Жұмыс беруші және жұмыскерлер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдері ұжымдық шарттың тараптары болып табылады» делінген.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін тыңдай келе, Кәсіподақтар федерациясының жағдайға міндетті түрде араласатынын атап өтіп, жергілікті мемлекеттік орган тарапынан орын алған түсінбеушілік жойылады деп сендірді.

«Әлеуметтік әріптестіктің әрбір тарапы өз құзыретін қатаң сақтауы керек. Бұл жағдайда ұжымдық шарт тараптар – жұмыс беруші мен кәсіподақ тарапынан өзара келісілген, қол қойылған және орындауға дайын болған жағдайда үшінші тұлғаның араласуына жол берілмейді. Ешкімнің кез келген кәсіпорынның Конституциясы саналатын ұжымдық шартқа қол сұғуға құқығы жоқ», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.

Ұжыммен кездесуден кейін кәсіпорынның акт залында Сатыбалды Дәулеталин Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасовпен телефон арқылы байланысып, «Ұлы Қабырға» компаниясы» кәсіпорнының ұжымдық шартын тіркеу прецедентін талқылады.

Әлеуметтік әріптестер кәсіпорынның қызметіне мұндай кедергі келтіруге жол беруге болмайтындығымен келісті.

 

ҚРКФ медиаорталығы

Фото Куандык Тулемисов