Ұстаз – ұлы қызмет

Қай заманда болсын, ұстаздарға деген құрмет жоғары. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Сондай қадірлі мамандық иесі – Сулейменова Макпал Сағындыққызы. Педагог алғаш еңбек жолын 1983 жылы Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданының орталығындағы “Айгөлек” балабақшасында бастаған. Әрі қарай еңбек жолы Қаракөл арнайы мамандандырылған шаруашылығының балабақша-мектеп кешенінің меңгерушісі, Қарағанды облысы Қазыбек би аудандық білім бөлімінің әдіскері, тарих, қоғамдық білім беру негіздері пәнінің мұғалімі ретінде жалғасын тапты. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымының дамуы жолында ұзақ жылдар еңбек етіп, зор үлес қосып келе жатқан белсенді мүшесі. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Тәжірибелі ұстаз оқушыларға білім-тәрбие берумен қатар өз біліктілігі мен шығармашылық жұмыс барысында Ұлттық біліктілік тестілеу тапсырмаларының сапасын арттыру және толықтыру мақсатында тест тапсырмаларын әзірлеу және сараптамалау, сонымен қатар аппеляциялық комиссиясының мүшесі.

Ұстаз Республиканың білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін Қазақстан Республикасы білім министрлігінің Құрмет Грамотасымен, Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласында қосқан үлесі үшін «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Қазақстан тарихы сабағында өлке тарихын оқытудың тиімді жолдары» тақырыбында шеберлік сабағын өткізгені үшін Алғыс хаттарымен марапатталған.

Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де үлкен көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы болып жүрген ұстаз қазіргі таңда Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы гимназиясында тарих, қоғамдық білім беру негіздері пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүр.
Әріптестерінің ортасында беделді, ибалы, кішіпейіл, қарапайым ұстаз жас мамандарға көмек қолын созып, тәжірибесімен бөлісуге қашан да дайын.