Кәсіподақ белсенділеріне арналған семинар-оқу өтті

Қызылордада «Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының бастауыш ұйымдары белсенділеріне арналған семинар-оқу өтті. Кәсіподақ ұйымы жұмысын ұйымдастыру, еңбек заңнамасындағы өзгерістер мен оны қолдану ерекшеліктері және Келісу комиссиясы жұмысы туралы семинардың ашылуында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев кәсіподақ белсенділерінің білімін арттыру маңыздылығына тоқталды.

Бірлестік төрағасы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиясын жүзеге асыру бағыттары жайлы сөз қозғап, Қауіпсіз еңбек жылы болып белгіленген 2023 жылда кәсіподақ ұйымдары жұмысындағы басымдылықтарды атап өтті.

Семинар-оқу жұмысында облыстық салалық кәсіподақ төрағасы Марат Бәйімбетов филиал жұмысы барысынан ақпаратпен бөлісіп, кәсіподақ ұйымының жұмысын жетілдіру, еңбек заңдылықтары сақталуын қоғамдық бақылау мәселелері туралы айтты.

Семинардың негізгі дәріскері, Кәсіподақтар федерациясының дәріскерлер пулы мүшесі Майра Боранбаева қатысушыларға тақырып аясында еңбек заңнамасына Әлеуметтік кодекстің қабылдануына байланысты енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді, еңбек дауларын шешу тәртіптері бойынша өзгерістерін салыстырмалы кестеге сәйкес түсіндірді.

Семинарда сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері, келісу комиссиясы жұмысы, ұжымдық шарт жасасу тәртібі және басқа да тақырыптар қызу талқыланды. Семинарға қатысушыларға еңбек заңнамасы бойынша оқығандары туралы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Сертификаттары табысталды.