ҚРКФ Ақмола облысында балалар спортының дамуына өз үлесін қосуда

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыстық кәсіподақтар үйінің спорт залында орналасқан жекпе-жек үйірмесінің ашық жаттығу жиынында болды.

Жаттығуларды өз ісінің шеберлері, атақты спортшылар өткізеді. Жаттықтырушылар қатарында кикбоксингтен әлем чемпионы Мерген Біләлов, ушу-саньда шебері, Ақмола облысының бас бапкері Нариман Әбдірахманов бар. ҚРКФ төрағасының келуі бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтың шеберлік сабағымен тұспа-тұс келді.

Жас спортшыларды қарсы алған Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ Кәсіподақтар үйінің спорт залын балалар секциялары үшін беру туралы шешімі Кәсіподақтар федерациясының бұқаралық балалар спортын дамытуға қосқан үлесі екенін атап өтті.

«Кәсіподақтар әрқашан салауатты өмір салтын, бұқаралық спортты дамытуды қолдайды. Спорт позитивті, қуат, жеңіске деген жігер беретін сәнге айналуы керек. Спорт ұжымшылдық, бір-біріне көмектесу, жақынына қолдау көрсету сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Сендер өздеріңді, өз намыстарыңды ғана емес, өз қалаларының, еліміздің намысын қорғауды үйреніп жатырсыңдар. Сендерде бүгін әлем чемпионымен бірге жаттығуға, нағыз көшбасшының шеберлігін үйренуге тамаша мүмкіндік бар. Сәттілік пен жеңістер тілеймін!», – деп ҚРКФ төрағасы жас спортшыларға тілегін білдірді.

Өз кезегінде атақты чемпиондардың шәкірттері татамиде өнерлерін көрсетті.

Айта кету керек, екі жыл бұрын қайта жөндеуден кейін ҚР Кәсіподақтар федерациясының шешімімен спорт залы жас спортшылардың пайдалануына тегін берілген болатын. Бүгінгі таңда кикбоксинг, бокс, таэквондо, джи-джитсу, ушу-саньда, ММА, әйелдердің өзін-өзі қорғауы сияқты жекпе-жек өнерінің жеті секциясымен жүздеген көкшетаулық ұл-қыздар айналысады.

ҚРКФ медиаорталығы