ҚРКФ төрағасы: «Кәсіподақтар мәселелерді шешу жолдарын ұсынады»

Ақмола облысына жұмыс сапарының соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыстың кәсіподақ активімен, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің үйлестіру кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді.

Өңірлердегі әріптестермен осындай кездесулер барысында ашық пікір алмасу болып, өзекті мәселелер талқыланып, ойлар айтылып, алдағы міндеттер белгіленеді.

Ақмола облысы кәсіподақтарының бес айлық жұмысының қорытындысын облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Қали Рахметов мәлімдеді.

«Әлеуметтік әріптестік аясында облыс кәсіподақтары атқарушы органдардың өкілдерімен және Кәсіпкерлер қауымдастығымен сындарлы қарым-қатынасты дамытты. Біз тұрақты, мүдделі және нәтижелі диалог орната алдық. Талдау нәтижелері бойынша біз облыстық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша 11 ұсыныс енгіздік, олар әлеуметтік әріптестер тарапынан қолдау тапты. Бұл – жалақыны индексациялау, жалақыны кемінде 30%-ға арттыру, техникалық инспектордың функцияларын орындағаны үшін қосымша төлемдер, еңбеккерлердің барлық санаттарына, оның ішінде, мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындарда, сондай-ақ, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың штатында жұмыс істейтін біліктілігі жоқ қызметкерлерге және т.б. жыл сайынғы еңбек демалысына қызметтік айлықақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу», – деді Қали Рахметов.

Ақмола облысының кәсіподақ көшбасшылары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының көмегінсіз шешілмейтін мәселелерді де анықтады.

М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Күлзада Мұхамедқалиева облыс кітапханаларындағы еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестациялау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, мәдениет саласындағы жұмыс орындарын аттестаттау еңбек процесін ұйымдастыруға оң әсер етіп, құрал-жабдықтардың, еңбек жағдайларының кері әсеріне объективті баға беріп, еңбек процесін оңтайландыру шараларын таңдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде кәсіптік аурулардың (микоз, онкология және т.б.) қаупін азайтады.

«Мәдениет саласының қызметкерлері мен олардың мәселелері үкіметтің күн тәртібінде жеткілікті түрде көрсетілмегені көңілге тиеді. Дегенмен, осы мәселеге уәкілетті органдардың назарын аудара аламыз ба? Барлық кітапхана қызметкерлерінің атынан Кәсіподақтар федерациясынан осы мәселені шешуге көмектесуін сұраймыз», – деді Күлзада Мұхамедқалиева.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, қазіргі уақытта ҚРКФ кітапхана жүйесінің жеткіліксіз өкілдігіне байланысты мұндай жағдайларды егжей-тегжейлі талдағаннан кейін республика өңірлеріндегі мәдениет қызметкерлерінің жағдайын бақылауда ұстауда. Өткен жылы кәсіподақтардың бірлескен күшімен кәсіби мереке бекітілді. Жұмыс орындарын аттестаттау және айтылған басқа да мәселелер бойынша ҚРКФ Парламенттің жұмыс тобына заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы оларды шешу үшін ұсыныстар енгізетін болады.

«Көкшетау жылу» кәсіподағының кәсіподақ көшбасшысы Анна Михайлова «ыстық желі» сияқты жылумен жабдықтау ұйымдарының қызметкерлері үшін маңызды мәселелерді көтерді, олардың ішінде, қауіпті өндірістегі және өміріне қауіп төндіретін еңбек жағдайларындағы  жұмыскерлерге ерте зейнеткерлікке шығу сияқты қосымша жеңілдіктер бар.

«Бұл нормалар заңнамалық деңгейде қабылдануы керек. Ал заңдар әрі қарай орындалуы тиіс. Дегенмен, қазіргі уақытта Ақмола облысының әлеуметтік әріптестері «ыстық желі» және оған байланысты қосымша жеңілдіктер мәселесінің маңыздылығын түсінгені жөн және оны оң шешетініне сенімдімін. Бұл іске кәсіподақтар көмектеседі», – деп сендірді ҚРКФ төрағасы.

Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Бейбіт Нұрахаев машина жасау салалық кәсіподақ ұйымы мен «Тыныс» АҚ кәсіпорны арасында туындаған дауларға тоқталды.

Сатыбалды Дәулеталин әріптесіне жауап бере отырып, Кәсіподақтар федерациясы туындаған дауларды шешу үшін келіссөздер процесіне көмектесуге дайын екенін атап өтті.

«Қолайлы шешімдерді қабылдау келіссөздер процесінің маңызды нәтижесі болып табылады. Алайда, егер тараптардың бірі келіссөздер жүргізуден және жаһандық тәртіпте шешуден бас тартса, біз араласуға және көмек көрсетуге дайынбыз. Кәсіподақтар федерациясы сіздің кәсіпорындағы жағдайды зерттеп, алдағы уақытта бірлескен іс-қимылдар бойынша тиісті шешім қабылдаймыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Жалпы, Кәсіподақтар федерациясының құрамындағы кәсіподақ ұйымдарының ынтымағы туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин бірлік пен ынтымақтастық кәсіподақтар идеологиясының басты қағидаларының бірі екенін атап өтті.

«Кәсіподақтар үйі» деп заңды түрде аталып жүрген кәсіподақ ғимараты кәсіподақ қозғалысы ішіндегі ашықтық пен ынтымақтың символы болып табылады. «Кәсіподақтар үйі» кәсіподақтар үшін ерекше маңызға ие деп есептеймін, өйткені, ол кәсіподақ белсенділерінің кездесулері мен ақпарат алмасуының, әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді шешуде ортақ тәсілдерді әзірлеудің және біздің мүше ұйымдардың бірігуінің ортасы», – деді ҚРКФ басшысы.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, өңірлердегі әріптестермен кездесулер кәсіподақтардың проблемалық мәселелерді шешуде күш-жігерін біріктіріп қана қоймай, әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимылды нығайтуға да ықпал етеді. Кәсіподақтар мәселелерді белсенді көтеріп, бар мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды шешу жолдарын ұсынады. Осы кездесулердің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Стратегиясында тұжырымдалған негізгі міндеттер әзірленіп, жүзеге асырылуда.

Ақмола облысы кәсіподақтарының активімен кездесу соңында ҚРКФ төрағасы кәсіподақ көшбасшылары мен кәсіподақ белсенділеріне кәсіподақ марапаттарын табыс етті.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен «SENIM» Ақмола облысы денсаулық сақтау қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының» төрағасы Серік Кәкенов марапатталды. Ақмола облысы білім қызметкерлері кәсіподағының Көкшетау қалалық филиалының төрағасы Болат Қожахметов Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалімен марапатталды. Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты Бұланды аудандық ауруханасының фтизиатр-дәрігері Марат Алтыбаев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен марапатталды.

ҚРКФ медиаорталығы