syrboyi.kz: “ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗІЛДІ”

Бүгінде Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде 12 салалық кәсіподақ қамтылып, онда 1020 ұйым мен 95 мыңнан астам мүше біріктірілген. Қазіргі таңда еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісім шеңбері іске асырылуда. Бұл жөнінде Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев мәлімдеді.

 –Кәсіподақ ұйымдары – еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік жағдайдың нығаюы бойынша қоғамдық ұйымдармен өзара жұмыстар жүргізуде.  Бұдан бөлек, былтыр аймақ басшысының қолдауымен облыстағы 52 ірі және орта кәсіпорынмен арнайы меморандум жасалды. Қазіргі таңда осы меморандум бойынша келісілген міндеттемелер мен жауапкершіліктер аясында еңбек ұжымдарында мониторинг жүргізілуде. Сонымен қатар соңғы екі жылда өңірдегі мекемелер мен кәсіпорындарда 14 ұжымдық еңбек дауларын орын алып, оның барлығы да өз шешімін тапты. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі – еңбекақы мөлшерін ұлғайту, еңбек заңнамаларының сақталуы, ұжымдық шарттың орындалуына қатысты. Көбіне еңбек дауларын дер кезінде шешудің заңмен ұсынылған тәсілі күрделі және тиімсіз. Сондықтан кәсіподақтар бастамасымен еңбек заңнамасында еңбек дауларын шешу тәртіптері бойынша бірқатар өзгерістер орын алды. Сонымен қатар инфляция деңгейінен кем емес мөлшерде жұмыскерлердің жалақысын төлеу жүйесін жетілдіру, күнкөріс деңгейінің шамасын және тұтыну себетінің құрылымын қайта қарау бойынша ұсыныс берілуде. Бұл өз кезегіне еңбек дауларының алдын алуға өз септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Мақсұт Ыбрайханұлы.  

Жаңадан қабылданған әлеуметтік кодекске байланысты еңбек заңнамасында өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл заң әлеуметтік және еңбек салаларындағы қатынастарды реттеуге бағытталған.

–Негізгі өзгерістер мен толықтыруларға мыналар жатады: бірлесіп жұмысқа орналастыру ұғымын енгізу, жылжымалы жұмыс кестесі бойынша еңбек жағдайларын анықтау, төрт күндік жұмыс аптасын қолдану мүмкіндігін енгізу, Еңбек кодексінің өзінде еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақыларды тағайындау және төлеу мөлшері мен тәртібін бекіту. Осы енгізілген жаңа құжат әрбір жұмыскердің еңбек құқығын қорғауына және жұмыс беруші арасындағы өзара келісімді нақтылауға ықпал жасамақ, – деді «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева.

https://syrboyi.kz/zedelnews/engbek-zangnamasyna-oezgerister-men-tolyqtyrwlar-engizildi-145985/