www.gov.kz: “САТЫБАЛДЫ ДӘУЛЕТАЛИН: «ШИЕЛЕНІСТІ ДАУДЫҢ БАСТАПҚЫ КЕЗЕҢІНДЕ ТӨМЕНДЕТУ ҚАЖЕТ»”

4 тамыз күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болды.
Жұмыс сапары барысында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен және «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Oil Transport Corporation» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Oil Services Company» ЖШС, «Buzachi Operating Ltd» ЖШС, «Өзенмұнайсервис» ЖШС, «МАЭК» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Жетібаймұнайгаз», «Қаламқасмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Кезби» ЖШС, «AQIQAT» ЖШС, «Жөндеу» ЖШС, «ТрубРемЦентр» ЖШС , «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС, «CASPIBITUM БК» ЖШС, «Каспий Жылу» су арнасы», «Өзенпромгеофизика» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Мұнайтелеком» ЖШС және «МаңғыстауЭнергоМұнай» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кездесті.
Сатыбалды Дәулеталин облыстағы кәсіподақ ұйымдарының еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы жұмысының ағымдағы жағдайы мен нәтижелерімен танысып, әлеуметтік-еңбек саласын одан әрі жетілдіру бойынша нақты тапсырмаларды жариялады.
Жиынға қатысушылар еңбек дауларының алдын алу және ұжымдардағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыстағы кәсіподақ ұйымдарының жұмысына, оның ішінде, белгілі бір кәсіпорында кәсіподақ мүшелігінің болуына қарамастан еңбекшілердің кез келген ұжымдық өтініштеріне жедел әрекет ету бойынша қызметіне оң бағасын берді.
Ұжымдық дауларды шешуде кәсіподақтардың рөлі ерекше екенін атап өткен Федерация төрағасы соңғы 2,5 жылда орын алған 272 ұжымдық еңбек дауының 63 пайызы келіссөздер арқылы шешілгенін баса айтты.
«Барлық аталған кәсіпорындардың 57 пайызы кәсіподақ мүшелігімен қамтылмағанына қарамастан, Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдар даулардың 96 пайызын шешуге қатысты. Айта кету керек, кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарда жұмыс беруші жұмыскерлердің мәселесін өз бетінше шешуге тырыспайды, тараптар арасындағы өзара түсіністіктің болмауы әлеуметтік шиеленістің ушығуына әкеліп соғады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Еңбек дауларының туындау себептеріне тоқталған ҚРКФ төрағасы төмен жалақы мәселесіне тоқталып, ел басшылығы тарапынан қолдау тапқан Федерацияның ең төменгі жалақыны көтеру және ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін енгізу жөніндегі бастамаларын еске салды.
Оның айтуынша, кәсіподақтардың нақты ұстанымы – еңбекақы жүйесі кәсіподақпен келісе отырып қалыптасуы керек.
«Бүгінгі күні жалақы мәселесі әділетті деп айту қиын. Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші еңбекақы төлеу жүйесін дербес реттейді. Кәсіподақтар федерациясы жұмыс берушіні еңбекақы жүйесін қалыптастыру мәселесі бойынша еңбеккердің өкілімен кеңесуді міндеттеу туралы ұсыныспен шықты», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның айтуынша, жалақыны міндетті индексациялау шарты да заңнамалық тұрғыдан бекітуді талап етеді.
«Республика бойынша 150 мыңнан астам ұжымдық шарттардың 10%-ында ғана жалақыны жыл сайынғы индексациялау ережелері қарастырылған. Бұл мәселелерді ұжымдық келіссөздер аясында шешу өте қиын, сондықтан, біз бұл мәселені заңнамалық деңгейде шешуді қолдаймыз», – деп есептейді ҚРКФ төрағасы.
Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету тұрғысынан Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестерді жұмыс беруші мен еңбеккер арасындағы жалақыдағы елеулі алшақтықты жоюға, сондай-ақ, еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын 100% төлеуге шақырады. Осымен қатар Сатыбалды Дәулеталин ел аймақтары арасындағы жалақыдағы айырмашылықтарға назар аударды.
«Егер орташа жалақыға қарасақ, 2022 жылы өңірлер арасында Атырау облысы (523,2 мың теңге) көш бастап тұрса, соңғы орында Солтүстік Қазақстан облысы (227 мың теңге) тұрды. Маңғыстау облысы орташа жалақы бойынша екінші орында (460 мың теңге), оның деңгейі республикадағыдан 1,5 есеге жоғары», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Жұмыскерлердің мүддесін қорғау тақырыбын жалғастырған Сатыбалды Дәулеталин еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталды. Бас кеңес жариялаған «Қауіпсіз еңбек» жылында Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары өндірістік жарақаттанушылықты азайтуға бағытталған бірқатар іс-шараларды атқаруда. Бұл ретте Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жұмыс берушінің өндірісті жаңғыртуға қаражат бөлу міндетін қарастыратын Ұлттық лайықты еңбек бағдарламасын қабылдау қажет деп санайды.
Соңында Сатыбалды Дәулеталин кездесуге қатысушыларға халықаралық ынтымақтастық саласындағы маңызды оқиғаларды баяндады.
«29 шілдеде Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық кәсіподақ орталықтары Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы келісімге қол қойды. Бұл интеграциялық құрылымды құру бастамасын қазақстандық тарап көтеріп, бірнеше жыл бойы талқылады. Жаңа ұйым аясындағы ынтымақтастық елдеріміз арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының дамуына тың серпін береді», – деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық аренадағы беделін нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелікті қалпына келтіру болды.
«Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы халықаралық кәсіподақ қозғалысының толыққанды мүшесі бола отырып, алдағы уақытта да шет елдермен ынтымақтастықты белсенді дамытып, еңбекшілердің құқықтарын қорғаудағы әлеуетін арттыра береді», – деп сендірді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол, сондай-ақ, алға қойылған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиясының түйінді идеяларын басшылыққа ала отырып, кәсіподақ қоғамдастығының бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.
Жиынға қатысушылар Кәсіподақтар федерациясының бастамаларына қолдау білдіріп, олардың уақыт талабына сай екендігін және қарапайым еңбеккерлердің өзекті мәселелерін шешудегі ерекше маңыздылығын атап өтті.
Маңғыстау облысындағы кәсіподақ қызметіне қатысты облыстың кәсіподақ көшбасшылары өндірістік кеңестердің мәртебесін көтеру, жұмыс берушінің қызметкерге деген көзқарасын жақсарту, кәсіподақ оқуын ұйымдастыру және басқа да шараларды шешудің маңыздылығын атап өтті.
Қатысушылардың ұсыныстарын қорытындылай келе, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин көптеген мәселелер қазірдің өзінде назарға алынғанын және ҚРКФ басқару органдарымен және әлеуметтік әріптестермен талқылау сатысында тұрғанын нақтылады.

https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/documents/details/503867?lang=kk