www.gov.kz: “ҚРКФ ТӨРАҒАСЫ МАҢҒЫСТАУЛЫҚ КӘСІПОРЫН БАСШЫЛАРЫ МЕН КӘСІПОДАҚТАРДЫ ӨЗАРА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУҒА ШАҚЫРДЫ”

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында жергілікті атқарушы органдар, жұмыс берушілер және кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Кездесу «Сындарлы диалогпен – ынтымақтастыққа» тақырыбында Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары және кәсіподақтар орталығының жастар қанатының мүшелері қатысты.
Кездесуге төрағалық еткен Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Сәдуақас Бекғалыев облыстық кәсіподақтар бірлестігінің жұмысы туралы айтты.
Бүгінде облыстық кәсіподақ орталығы 8 салалық кәсіподақ филиалы, 46 жергілікті және 695 бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын үйлестіреді. Жалпы кәсіподақ мүшелерінің саны 110 мың адамды құрайды.
«Жыл басынан бері Кәсіподақтар орталығының қатысуымен еңбек дауларының туындау қаупі бар кәсіпорындардың мәселелерін қарау жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның 9 отырысы өткізілді, онда 32 мекемедегі әлеуметтік-еңбек жағдайлары бойынша мәселелер қаралды», – деп атап өтті кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов Кәсіподақтар федерациясымен көп жылдар бойы сындарлы және іскерлік қарым-қатынас орнатылғанын атап өтті.
Қанат Жаңбырұлының айтуынша, 2023 жылдың 5 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімдігі, құқық қорғау органдары, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ және «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасында өзара ынтамақтастық туралы меморандум жасақталған. Оның аясында Қазақстан Республикасының заңнамалары аясында еңбек дауларының алдын алу және шешу бағытында бірлескен жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Ал Ақтау қаласындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдігінің департамент директоры Аманғали Нұрдәулетов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өңірлік кәсіподақтармен бірлескен жұмысы туралы айтып өтті.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 8 ереуіл тоқтатылған. Барлық еншілес тәуелді ұйымдардың кәсіподақ көшбасшылары дауларды реттеуге белсенді қатысқан.
«Ереуілдердің негізгі себептері қызметкерлердің жалақысын көтеру, еншілес тәуелді ұйымдардың штатына жұмысқа орналасу, жұмыс көлемінің аяқталуы, еңбек жағдайларын жақсарту, ескірген жабдықты пайдалану, әлеуметтік пакетті жақсарту және т.б. талаптары болды», – деп атап өтті департамент директоры.
Өз кезегінде Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Дәурен Медетбеков еңбек дауларының туындау себептері мен оларды шешу жолдарына қатысты өз көзқарасымен бөлісті.
«Жұмыскерлер наразылығының әрбір фактісі жаппай наразылық акцияларының ықтимал ошағы екенін түсіну керек. Мәселен, өткен жылдың өзінде облыс аумағында мұнай саласында өндірісті тоқтата тұрумен 47 жанжал тіркелді, негізгі талаптар жалақыны арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту және т.б. болды. Сол үшін өткен жылдың аяғынан бастап облыс прокурорының бастамасымен кәсіподақ ұйымдарымен қарым-қатынасты күшейте бастадық», – деді прокурор орынбасары.
Дәурен Медетбеков облыстық кәсіподақтың ресми парақшасын ашу туралы өз ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, парақшада барлық жұмыстар, жоспарлар, шешілетін сұрақтар, есеп беру секілді тиісті мағлұматтар жариялануы тиіс.
Кездесуде қорытынды сөз алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еліміздегі және өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
ҚРКФ төрағасының айтуынша, ең негізгі мәселе – еңбекақынің төмендігі. Сонымен қатар, ең төменгі жалақының мөлшерін айқындау әдістемесінің бекітілмегендігі.
«Тағы бір өзекті мәселе – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, еңбек адамына лайықты жұмыс жағдайын жасау. Өздеріңізге мәлім, биылғы жылды Кәсіподақтар федерациясы Қауіпсіз еңбек жылы деп жариялады. Жыл басынан бері барлық аймақтарда Федерация және оның мүшелік ұйымдары әртүрлі іс-шаралар өткізуде. Өкінішке қарай, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, осы саладағы айтарлықтай оң өзгерістер туралы қазіргі уақытта айту қиын. Жазатайым оқиғалар динамикасында нақты төмендеу тенденциясы байқалмайды. Жыл сайын 200-ден астам адам жұмыс орнында қайтыс болуда.
Мысалы, Маңғыстау облысында 2021 жылдан бастап осы жылдың бірінші жартыжылдығына дейін 127 жазатайым оқиға болды. Онда 136 адам зардап шегіп, олардың ішінде 16 адам қаза тапты», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Федерация басшысы жазатайым оқиғалардың санын азайту үшін өндірістегі жазатайым оқиғаның алғышарттарын жою бойынша жүйелі әрі тұрақты жұмыс қажет екендігін айтты.
Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы еңбек ұжымдарындағы дау-дамай деңгейін төмендету бойынша жұмысты жалғастыруда.
Мысалы, соңғы 2,5 жылда кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері еңбек дауларын алдын алуға және шешуге бағытталған 240 мәселенің өңірлік үшжақты комиссиялар отырыстарында қаралуының бастамашысы болды. Ең көп мәселе Маңғыстау облысында қаралды.
«Кәсіподақтар федерациясы жүргізген мониторинг бойынша, соңғы 2,5 жылда елімізде 271 ұжымдық еңбек дауы орын алды. 171 ұжымдық еңбек дауы немесе 63%-ы ереуілге жеткізбей келіссөздер арқылы шешілді. 271 ұжымдық еңбек дауының ішінде 24%-ы немесе 64 еңбек дауы Маңғыстау облысында болды. Олардың барлығы алдын ала облыстық үшжақты комиссияның отырыстарында қаралса да, заңсыз ереуілдерге ұласты. Еңбек дауларының 80%-ын реттеуге Федерация мен аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері қатысты», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Өз сөзінде Федерация басшысы Маңғыстау облысы кәсіпорнының жұмыс берушілеріне және ҚМГ басшылығына өз ұсынысын жеткізді. Сатыбалды Дәулеталин кеше ғана «Каспи Битум» ЖШС болған кездесуі жайында сөз қозғап, кәсіпорынның әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбеккерлердің жағдайын жақсарту бойынша жұмыстарын жоғары бағалады. Осы орайда пилоттық жоба ретінде ұйым басшылары мен кәсіподақтардың өзара тәжірибе алмасуын енгізуге шақырды.
Кездесу соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хатымен «Жұмысшылардың «Aspan» жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Қыдыргелді Аяғанов, «Маңғыстау жергілікті мұнайшылар кәсіподағы» ҚБ төрағасы Бахтияр Бөлекбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төраға кеңесшісі Марат Жүсіпбаев, «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Орынбек Сатыбалдиев марапатталды.
Ал әлеуметтік әріптестіктің дамытуға және жұмыс берушімен еңбеккерлер арасында сындарлы диалог құруға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының алғыс хаты Ақтау қаласындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдігінің директоры Эсен Утеевке, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбайға, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Мұрат Мұстафаевқа, «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Нұрсейіт Союновқа, «CASPI BITUM» БК» ЖШС бас директоры Сун Гуантаоға, «ОСК» ЖШС бас директоры Нұркен Таменовке табысталды.

ҚРКФ медиаорталығы

https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/documents/details/503865?lang=kk