www.gov.kz: “ҚР КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «КӘСІПОДАҚ БІРЛІГІ – ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ САПАСЫН АРТТЫРУ КІЛТІ»”

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Маңғыстау облысына жұмыс сапары «ӨзенМұнайГаз» АҚ кәсіподақ активімен кездесумен жалғасып, оның барысында жұмыскерлердің өзекті мәселелері мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ мүшелерінің өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмысының басым бағыттары талқыланды.
Жиын барысында жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Бекқали Уақпаев Кәсіподақтар федерациясының басшылығын еңбек ұжымындағы бүгінгі ахуалдан хабардар етті.
Оның айтуынша, ұжымдағы жағдай тұрақты, бірақ, әлі де қарастыруды қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Бұл жерде мәселе қызметкерлердің жалақысын көтеру және лайықты еңбек жағдайларын жасау туралы болып отыр.
Бекқали Уақпаев Кәсіподақтар федерациясының төрағасына кәсіподақ мүшелерінің өзекті мәселелерін шешуде дер кезінде көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.
«Кәсіподақтар федерациясының, Салалық кәсіподақ пен Облыстық кәсіподақ орталығының күш-жігері, олардың құқықтық қолдауы және келіссөздер процесіне тікелей қатысуының арқасында біз бірқатар мәселелерді шешіп, ұжымдық дауларды шеше алдық», – деді Бекқали Уақпаев.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ белсенділерін тыңдап, жұмыскерлердің сауалдарына жауап беріп, Федерация мен оған мүше ұйымдардың басты құндылығы кәсіподақ бірлігі мен ынтымағы екенін атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясы – еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың 117 жылдық тарихы бар еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Кәсіподақтар федерациясының мүшелері – 16 000 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріккен екі миллионға жуық жұмыскер. Біз үшін қарапайым еңбекшілермен үнемі тікелей байланыста болу маңызды. Біздің бірлігіміз бен өзара түсіністігіміз Еңбек адамының өмір сүру деңгейін және еңбек қатынастарының сапасын арттыру жолындағы табысты жұмыстың кепілі болып табылады», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, еңбек дауларын келіссөздер арқылы шешу мәселелеріне ерекше тоқталды. Ол Кәсіподақтар федерациясының мүше ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындардағы даулар деңгейінің жыл сайын төмендеп келетіндігін атап өтті.
«Талдау көрсеткендей, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Маңғыстау облысында 21 ұжымдық еңбек дауы тіркелді. Олардың 6-ы немесе 29%-ы ғана ҚРКФ мүше ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындарда орын алған. Кәсіподақтар федерациясының құрылымдарында ұжымдық еңбек даулары бар кәсіпорындардың үлесі жергілікті және бастауыш кәсіподақтардың жалпы санының 0,8%-ын құрады, олардың саны облыс бойынша 741 кәсіподақ ұйымын құрайды. Мұнай-газ саласындағы кәсіподақтардың жалпы санымен салыстырғанда бұл үлес небәрі 11 пайызды құрап отыр», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Еңбек дауларының алдын алу тетіктеріне қатысты ҚРКФ басшысы ұжымдық шартты реттеу аясында жұмыскердің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету бойынша өзара түсіністікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін жұмыс беруші мен еңбеккерлер арасындағы әлеуметтік диалогты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінде Маңғыстау облысында 12,3 мың кәсіпорын жұмыс істейді, оның 1591-інде ғана ұжымдық шарт бар, оның ішінде, кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін 741 кәсіпорын бар. Еңбек дауларының негізгі себептері жалақының төмендігі, еңбек жағдайларының нашарлығы, ал еңбек дауларының ауырлататын факторларының бірі көбінесе жұмыс берушінің жұмыскерлермен диалогқа барғысы келмеуі, мәселені шешу процесін билік үшін күреске айналдыруы болып табылады», – деді ҚРКФ төрағасы.
Ол қатысушыларды Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ көшбасшылары мен кәсіподақ активіне арналған білім беру жобаларын белсенді жүзеге асыруы, жұмыс берушілермен еңбек консультацияларын өткізу тәжірибесін енгізу, кәсіподақтың заң клиникасы аясында құқықтық қолдау шаралары туралы хабардар етті. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ел еңбеккерлерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Кәсіподақтар федерациясының бастамаларын да тізіп өтті.
«Бүгінде еңбекақы жүйесін қалыптастыру және бекіту жұмыс берушінің қолында. Біз Еңбек кодексінде жалақыны жыл сайынғы индексациялау нормаларын бекіту туралы бірқатар ұсыныстарды көтердік, сондай-ақ, жұмыс берушіні еңбекақы жүйесін қалыптастыру мәселесі бойынша қызметкердің өкілімен кеңесуді міндеттеуді ұсындық. Кәсіподақтардың ең төменгі жалақыны көтеру және ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін енгізу жөніндегі бастамалары Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Сонымен қатар, индекстеу талабы барлығына бірдей болуы керек және бірінші кезекте табыс деңгейі 300 мың теңгеден төмен қызметкерлерге қолданылуы керек деп есептейміз», – деп есептейді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол әріптестерін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының құрамындағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының толыққанды мүшелігін қалпына келтіру, Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру, сондай-ақ, халықаралық аренадағы кәсіподақтық бастамаларды алға бастырудың алдағы жоспарлары туралы хабардар етті.
Жиынға қатысушылар Кәсіподақтар федерациясының бастамалары мен жетістіктерін жоғары бағалап, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған барлық алға қойылған міндеттерді бірлесіп шешу мақсатында кәсіподақ бірлігін одан әрі нығайтуға ниеттерін білдірді.

ҚРКФ медиаорталығы

https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/documents/details/503863?lang=kk