www.gov.kz: “ҚР КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛЫ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН ҮЙРЕНУГЕ ШАҚЫРДЫ”

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында «CASPI BITUM» БК» ЖШС басшылығы мен кәсіподақ активімен кездесу өткізді.
Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ ұйымының мүшелерімен әңгімелесу барысында әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбекақы деңгейі, әлеуметтік кепілдіктер, сондай-ақ, жұмыс орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін сұрады.
«CASPI BITUM» БК» ЖШС жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Рахымжан Жұпбановтың айтуынша, ағымдағы жылдың маусым айында кәсіпорын 2022-2025 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шарт қабылдады.
Оның айтуынша, жаңа ұжымдық шартқа зауыт жұмыскерлерінің әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарту мақсатында өзгертулер енгізілген.
«Зауыт жұмыс істеген 13 жыл ішінде бұл үшінші ұжымдық шарт. Ұжымдық шартта еңбек құқықтарын қорғау, еңбекақы төлеу, еңбекті қорғау, жұмыскерлер мен олардың балаларының денсаулығын жақсарту және демалысын қамтамасыз ету, жас және көпбалалы отбасыларды, зейнеткерлерді қолдау бойынша әлеуметтік кепілдіктер толығымен қарастырылған. Ұжымдық шартта қызметкерлерге берілетін қосымша жеңілдіктер тізімі көрсетілген. Қызметкерлерге материалдық көмек көрсетіліп, ынталандыру төлемдері мен қосымша ынталандырулар мен үстемеақылар жасалуда», – деп бөлісті Рахымжан Жұпбанов.
Ол кәсіпорында өндірістік жарақаттар мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
2017 жылдан бері кәсіпорында жазатайым оқиға тіркелген жоқ.
Кәсіподақ комитеті төрағасының айтуынша, кәсіподақ ұйымының жұмысы жұмыс берушімен тығыз байланыста және әлеуметтік әріптестікте жүзеге асады.
Өз кезегінде «CASPI BITUM» БК» ЖШС бас директоры Сун Гуантао кәсіпорынның қызметі туралы айта келе, компанияның дамуын қамтамасыз ету, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне лайықты жағдайлар мен материалдық игіліктерді жасау шаралары туралы баяндады.
Ол корпоративтік мәдениетті дамытуға және қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға ерекше көңіл бөлді.
«Зауыт ең заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, бұл барлық қажетті технологиялық жұмыстарды жылдам және сапалы орындауға мүмкіндік береді», – деп бөлісті жұмыс беруші.
Әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселесіне келсек, ол өз тарапынан кәсіподақ ұйымымен сенім мен өзара түсіністікке негізделген өзара ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне тоқталды.
Кәсіпорындағы еңбек жағдайымен танысқан ҚРКФ төрағасы кәсіподақ пен жұмыс берушінің жұмыскерлердің мүддесі үшін әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытудағы күш-жігерін жоғары бағалады.
«Компанияның қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуға ерекше көңіл бөлетіні қуантады. Кәсіподақтың жұмыс берушімен бірлесіп атқаратын жұмысы Еңбек адамының жұмысы мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Кәсіподақ жұмыс берушінің жауы емес, еңбек өнімділігін қатар дамытуға дайын жолдас. Біздің міндетіміз қарапайым – әлеуметтік әріптестермен бірге адамдардың әл-ауқатын жақсарту. Лайықты еңбек лайықты еңбекақы және лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын білдіреді. Кәсіпорында жақсы ұжымдық шарт қабылданып, әрекет етуде. Бұл – жұмыс берушінің жоғары әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды көрсеткіші», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ басшысы компаниядағы әлеуметтік әріптестік деңгейін көрнекі деп атады және әріптестерін осы тәжірибені облыс кәсіпорындарында кеңінен таратуға шақырды.
Айта кету керек, «CASPI BITUM» БК» ЖШС тотыққан жол битумын және модификацияланған – теңдесі жоқ инновациялық өнім өндіруге бағытталған Қазақстандағы жалғыз мұнай өңдеу зауыты. Кәсіпорын нарықты бірінші сортты құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар, аймақтағы әлеуметтік ықпалы да зор. Кәсіпорында 214 адам жұмыс істейді, оның 130-ы кәсіподақ мүшелері.

ҚРКФ медиаорталығы

https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/documents/details/503860?lang=kk