Сатыбалды Дәулеталин: «Тиімді әлеуметтік әріптестік – өндірістің табысты дамуының факторы»

Оңтүстік мегаполиске жұмыс сапарының соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «ВИЗиТ» АҚ алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт басшылығымен және ұжымымен кездесті.

Зауытты аралаған ҚРКФ басшысы өндірістік цех жұмыскерлерінің еңбек жағдайымен танысып, олардың мәселелерін танып-білді.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Шерман Төлеповтың айтуынша, бүгінде зауытта 163 адам еңбек етеді, оның 143-і – кәсіподақ мүшесі.

«Қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорында 6 адамнан тұратын өндірістік кеңес жұмыс істейді. Техникалық инспекторлар жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жүйелі түрде тексереді», – деді Шерман Төлепов.

Кәсіпорынның әлеуметтік-бағдарланған ұжымдық шарты бар, онда қызметкерлерге бірқатар жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылған, оның ішінде, елеулі оқиғаларды қаржылық қолдау шаралары, сондай-ақ, жерлеу рәсімдері қарастырылған.

Сонымен қатар, кәсіпорынның зейнеткерлеріне тоқсан сайын қаржылық қолдау көрсетіледі.

Бас директор Вельким Злавдинов өз кезегінде қызметкерлердің жалақысы сату көлеміне байланысты екенін және 200-400 мың теңге аралығында екенін қосты.

Оның айтуынша, жалақы өткен жылы 30 пайызға көтерілсе, биыл 20-40 пайызға өсті.

Жұмыс берушінің айтуынша, материалдық қолдаудың тағы бір шарасы – қажетіне қарай қызметкерлерге берілетін 500 000 теңгеге дейінгі пайызсыз несие.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестік деңгейін және жұмыскерлердің әл-ауқатының көптеген аспектілері ескерілген ұжымдық шарттың талаптарын жоғары бағалады.

Оның айтуынша, Еңбек адамына деген құрмет, сонымен қатар, жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы сенім өндірісті дамытудың басты факторы болып табылады.

«Кәсіподақтың жұмыс берушімен бірлесіп атқаратын жұмысы Еңбек адамының жұмысы мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғаны қуантады. Кәсіпорында жақсы ұжымдық шарт қабылданып, әрекет етуде. Бұл – жұмыс берушінің жоғары әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды көрсеткіші. Кәсіподақ – жұмыс берушінің басты серіктесі және біздің ортақ міндетіміз – адамдардың әл-ауқатын бірге арттыру», ​​- деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының ең төменгі жалақыны арттыру, ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін қайта қарау, еңбекақыны индекстеу, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы тағайындау тәртібін қайта қарау, жалақыдағы айырмашылықты жою және т.б. қатысты бастамаларына кеңінен тоқталды.

Жалпы, Вельким Злавдинов кәсіпорын жұмыскерлері атынан Кәсіподақтар федерациясының басшылығына қарапайым еңбекшілердің мүддесі жолында әлеуметтік маңызы бар бастамаларды алға бастырып жүргені үшін алғысын білдірді.

  ҚРКФ медиаорталығы