ҚРКФ төрағасы: «Кәсіподақтар халықтың әл-ауқатын арттырудың негізін қалады»

Сәрсенбі күні, 16 тамызда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің төрағаларымен жұмыс кездесуі өтті, оның барысында облыстық Кәсіподақ орталықтарының кәсіподақ көшбасшылары әр өңірдегі ағымдағы жағдай туралы баяндап, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмыстары туралы ақпарат берді.

Күн тәртібіне сәйкес отырысқа қатысушылар Әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысына дайындық барысы, Кәсіподақтар федерациясының Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына қатысуы, сондай-ақ, әлеуметтік әріптестікті дамыту шараларын және бірқатар ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы Республикалық үшжақты комиссияның аясында еңбеккерлердің өздерінің өтініштері, соның ішінде, ҚРКФ төрағасының аймақтарға жұмыс сапарлары барысында түскен өтініштер негізінде әлеуметтік әріптестермен жұмысшылардың мәселелерін шешу бойынша бірқатар нақты ұсыныстарды талқылауды жоспарлап отыр.

Кәсіподақтар федерациясының басшысы Кәсіподақтар федерациясының Қазақстандағы Ұлттық лайықты еңбек бағдарламасын әзірлеу және жүзеге асыру жөнінде Үкіметке ұсыныс жасағанын еске салды.

«Федерация бұл мәселеге бастамашы болған Ұлттық құрылтайдың отырысында ол қабылданып, Ұлттық құрылтайдың ұсыныстарын жүзеге асыру жоспарына енгізілді. Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық лайықты еңбек бағдарламасының жобасын әзірлеуде. Ең бастысы, құжат өзінің практикалық тиімділігіне ие болуы және Қазақстанда лайықты еңбекті қамтамасыз етудің мүмкіндіктері мен қадамдарын нақты көрсетуі керек. Лайықты еңбек – кәсіподақтардың басты мақсаты», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, бұл ұсыныс Кәсіподақтар федерациясы бірнеше жылдан бері ынтымақтастықты нығайтып келе жатқан Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарына негізделген.

«Бұл – біздің кездесулеріміз бен бірлескен іс-шараларымыздың нәтижесі. Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен Үкімет ХЕҰ-ның еліміздегі бас директорына шақыру жіберді», – деді ҚРКФ басшысы.

Сондай-ақ, Сатыбалды Дәулеталин ұжымдық шарттардың сапасын арттыру бойынша өңірлердегі кәсіподақ орталықтарының жұмысын жандандыруды тапсырды.

«Ұжымдық шарт – әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құжат. Барлық кәсіпорындарда ұжымдық шарттардың ережелерін жетілдіру қажет. Алдағы жылы ұжымдық шарттарды жасасу мен орындаудағы жағдайдың қаншалықты жақсарғанын талдап, бағалайтын боламыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының ережелерін түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды.

«Бірнеше жылдан бері Кәсіподақтар федерациясы өтемақы моделінен тәуекелдерді басқаруға көшу қажеттігін айтып келеді. Федерацияның ұсыныстары қабылданып, Тұжырымдамаға енгізілді. Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы мен Ұлттық лайықты еңбек бағдарламасы халықтың әл-ауқатын жақсартатын негіз болып табылады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сөз соңында облыстық мәслихаттарда «Еңбек» депутаттық топтарын құру жұмысын жоғары бағалады.

«Мәселелерді өткір көтеріп, оларды шешуде кәсіподақтармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын мықты бастамашыл депутаттар топтары құрылды», – деп түйіндеді сөзін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Ол әріптестерін саладағы өкілді органдармен және басқа да әлеуметтік серіктестермен диалогты дамытуға шақырды.

 

ҚРКФ медиаорталығы