РҮК отырысы: Әлеуметтік әріптестер еңбек қатынастарын реттеу мәселелерін талқылды

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысына қатысты.

Кездесу барысында әлеуметтік әріптестер еңбек қатынастарын реттеу мәселелерін, ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесін заңнамалық тұрғыдан бекіту шараларын, сондай-ақ, әлеуметтік шиеленістің алдын алу және еңбек дауларын шешудің негізгі аспектілерін талқылады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары әлеуметтік әріптестердің назарын бірлесіп шешуді қажет ететін әлеуметтік-еңбек саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге аударды.

Оның айтуынша, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және еңбекке қабілетті халықты құқықтық қорғауды нығайту үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының деңгейін арттыру, оның ішінде, еңбеккерлер мен жұмыс берушілер арасында оқыту жұмыстарын жандандыру қажет.

Ол Кәсіподақтар федерациясының төрағасына кәсіподақтық оқытумен қамтуды, оның ішінде, кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда жүзеге асыруды кеңейту мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішпен жүгінді.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестерді оқытуға  ерекше назар аударылған еңбек ұжымдарындағы даулар деңгейін төмендету шаралары туралы хабардар етті.

«Кәсіподақтар федерациясы оқыту сияқты құралға ерекше мән береді. Бірнеше жыл ішінде біз бастауыш кәсіподақ ұйымдарының келіссөздер процесінде біліктілігін арттыру үшін бірқатар оқу жобаларын өткізу тәжірибесін енгіздік. Кәсіпорындардағы еңбек дауларының алдын алу және шешу бойынша кейстерді бірлесіп талдайтын оқыту семинарларына қызметкерлер де, жұмыс берушілер де қатысады. Өткен аптада Маңғыстау облысында ҚРКФ білім беру марафоны өтті. Мұндай формат үздік жұмыс тәжірибесін жалпылауға, мәселелерді анықтауға және қарапайым еңбеккерлерді қолдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, семинарлар өткізу тәжірибесі жақсы нәтиже көрсетуде.

«Кәсіподақтар федерациясы Маңғыстау облысындағы әлеуметтік әріптестермен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізді. Өңірдегі еңбек ұжымдарында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде еңбекшілердің өзіндік санасында оң өзгерістер орын алып, әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешудің дұрыс жолдарын ұғыну байқалады. Күнделікті мониторинг еңбек даулары мен жанжалдардың, сондай-ақ, ереуілдер санының төмендегенін көрсетті. Биыл Маңғыстау облысында 33 еңбек дауы тіркелген. Оның ішінде тек 7 кәсіпорында Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін кәсіподақтар бар. Басқа кәсіпорындарда не кәсіподақтар жоқ, не олардың кәсіподақ ұйымдары Федерацияның құрамына кірмейді», – деді ҚРКФ төрағасы.

Әлеуметтік тұрақтылықты сақтау шараларына тоқталған Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары Маңғыстау облысындағы кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарды қоса алғанда, барлық еңбек дауларының 86 пайызын шешуге атсалысқанын айтты.

«Кәсіподақтар федерациясының қатысуымен өткен келіссөздердің арқасында барлық даулардың 53%-ы ереуілге әкелмей, бейбіт түрде аяқталды. Біз әлеуметтік әріптестермен көп жұмыс жасадық», – деп қосты ҚРКФ төрағасы.

Сонымен қатар, наразылық көңіл-күйдің төмендеуіне байланысты жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдері туындаған проблемаларды және оларды шешу жолдарын ашық талқылайтын кәсіподақ ұйымының «Еңбек консультациялары» акциясын өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Сатыбалды Дәулеталин еңбеккер мен жұмыс беруші арасындағы өзара түсіністік деңгейін арттыру үшін әлеуметтік әріптестерді диалогтың осы форматын бірлесіп алға бастыруға шақырды.

Отырыста, сондай-ақ, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялардың жұмысы, ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін заңнамалық тұрғыдан бекіту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ, Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастықтың кейбір мәселелері, оның ішінде, «Лайықты еңбек» бағдарламасын қалпына келтіру мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының ұйымдастырушылық аспектілері мен жыл сайынғы «Еңбек жолы» республикалық байқауының аймақтық кезеңдерінің қорытындылары талқыланды.

Кездесу нәтижесінде әлеуметтік әріптестер ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіру, ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін заңнамалық тұрғыдан бекіту бойынша шаралар қабылдау және Еңбек күнін мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бойынша ұсыныстар әзірледі.

ҚРКФ медиаорталығы