Құрметті көмір өндіру саласының еңбеккерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Кеншілер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жеті қат жер астына түсіп, кен өндіретін кеншілердің мамандығы жұмыс атаулының арасында ерекшеленіп тұратын кәсіптің бірі. Көмір өндіру саласы еліміздің экономикасының дамуына және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосуда.
Отандық экономиканың және еліміздің энергетикалық әлеуетінің нығаюына атсалысып келе жатқан Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз қоғамда айрықша құрметке лайық. Сіздер жер астындағы ауыр еңбектен қаймықпай, жауапкершілік пен темірдей төзімді, жанқиярлық пен қайсарлықты талап ететін мамандықты таңдап, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. Сіздердің кенші ретіндегі кәсіби дәстүрге адалдықтарыңыздан үлгі алған жаңа буын өнегелі өмір жолдарыңызды лайықты түрде жалғастыра бермек.
Еліміздің көмір өндіру саласының бастауында тұрған және алдыңғы буынның ізін жалғап келе жатқан Сіздерге мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз бен өз істеріңізге деген жауапкершіліктеріңіз үшін алғыс айтамын.
Осындай мерейлі мерекеде Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және еліміздің игілігіне бағытталған қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін!
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының
төрағасы Сатыбалды Дәулеталин