Конституция күні қарсаңында кәсіподақтар әділдікке қол жеткізді

Еліміздің басты заңы Конституция күні қарсаңында Қызылорда облысы кәсіподақтары еңбек адамы құқықтарымен сотта жеңіске жетті. Қызылорда қалалық соты компанияның кәсіподақ ұйымы тарапынан жолданған Ұжымдық шарт талабының орындалуы, яғни инфляция деңгейімен жалақының индекстелуі есебінен төленетін сыйлықақыны бір айлық жалақы мөлшерінде төлеуді жұмыс берушіге міндеттеу туралы талабын қанағаттандырды. Ұжымдық еңбек дауының туындау мәні жұмыс берушінің құқықтық акт саналатын Ұжымдық шарт талаптарын дұрыс орындамауы болатын. 2021 жылғы қаржылық жағдай қорытындысымен сол жылдың аяғында жұмыскерлерге төленуге тиіс төлемді жұмыс беруші дұрыс емес формулағы сүйене отырып есептеп, әрбір жұмыскерге 10-13 мыңның көлемінде жүргізген. Бұл төлемдермен келіспеген 370 жұмыскердің мүддесін сотта компания кәсіподағы мен Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі білдірді. Өткен жылдан бері осы істің мән-жайына байланысты болған түрлі деңгейдегі сот отырыстарында кәсіподақтар Ұжымдық шарттың орындалу міндеттілігін, жұмыс берушінің есептеулерді дұрыс жүргізбегендігін, ұжымдық шарт талаптарын орындау мерзімділігін, жұмыскерлердің заңды талаптарын дәлелдеді, дәлелдерді сот негізді деп танып әділ шешім шығарды.

Азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін Конституция күні қарсаңындағы соттағы кәсіподақтар жеңісі даулы мәселенің шешімін күткен жұмыскерлер мен олардың отбасылары үшін заң үстемдігінің кепілі мен азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтар қызметінің маңызды келбеті деп қабылданды.