Киноинженерден ұстазға дейін

Жүрегінің қалауымен ұстаздыққа бет бұрған Кастуғанова Ляззат Құрманбекқызы 1965 жылы 8 ақпанда Шымкент облысы Созақ ауданы Құмкент совхозында дүниеге келген. Бала күнінен шығармашылыққа жаны құмар кейіпкеріміз 1972-1982 жылдары Жамбыл облысы Жаңатас қаласында М.Әуезов атындағы орта мектепті бітіреді. 1983-1986 жылдары Алматы қаласындағы кинотехникумда оқып, киноинженер мамандығын алған. 1987-1992 жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтында оқып, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын игерді. 1992 жылдан бастап қалалық Гагарин атындағы балалар кинотеатрында педагог- ұйымдастырушы болып педагогикалық өтілі басталды. 2010-2020 жылдар аралығында №26 ЖОББМ-те директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Осы жылдар ішінде ол ҚББ-нің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2020 жылдың 8 ақпанынан бастап қазіргі уақытқа дейін БҚО «Орал қаласының №26 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-де мектеп директоры қызметін атқаруда.

Басшылық емес, көшбасшылық бағытты таңдаған жаңашыл ұстаз ұжымын үнемі ілгері басуға жетелеп келеді. Оған мектептің облыс, республика көлеміндегі жеткен жетістіктері айқын дәлел.

Аз уақыт ішінде ұжыммен стратегиялық даму жоспарын құрып, оның орындалуы және бірлесе қызмет ету, өсу жолында талдаулар жасап, жаңашыл бағытта жұмыс жүргізуді таңдаған басшы әріптестері мен мен мектеп оқушылары арасында сыйлы. Әлеуметтік әріптестікті басты міндеттерінің бірі санайтын Ляззат Кастуғанова Қалалық Кәсіподақ ұйымымен бірлесе қызмет етіп, ұжымдастарына әлеуметтік-материалдық көмек көрсетіп, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал етіп келеді.

Бойына қайырымдылық, кішіпейілділік, еңбекқорлық, жауапкершілік, талапшылдық қасиеттерін сыйдыра білген Ляззат Құрманбекқызына Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының атынан мықты денсаулық, қызметіне табыс, отбасына амандық тілейміз! Еңбек адамының мүддесін қорғаудағы жұмыстарыңыз елене беріп, мерейіңіз әрқашан үстем болсын!