Еңбеккер бейнесінде- металлург Бейбіт Нұртаев

Уақытпен санаспай, бағытынан адаспай артынан шәкірт ерткен тәлімгер ұстаз, техника қауіпсіздігінің хас шебері атанған жан. Бұл сөздер 46 жылдам астам уақыт бойы өмірін өндіріспен ұштастырып жүрген Бейбіт Нұртаевқа бағытталып айтылғандай. Есімі металлургия саласында ерекше бір мақтанышпен аталады. Тіпті зейнеткерлікке шыққаннан кейін де техникалық инспекторлар арасында жұмысын жалғастырып, жас металлургтерге өмірден жинаған білімі мен біліктілігін үйретіп өз іс-тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Ол өзінің ата-анасынан алған темірдей тәртіпке бағытталған мінезі мен адамгершілігінің арқасында металлургия саласын өміріне серік етті. Теміртаудағы ТУЗ оқу орнынын бітірген Бейбіт Нуртаев өзінің алғашқы еңбек жолын 1977 жылы 3-ші дәрежелі ілуші ретінде осы қаладан бастаған болатын. Отбасылық жағдайына байланысты 1983 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №1 балқыту цехында өндіріс шебері болып жұмысын әрі қарай жалғастырады. Сөйтіп ауысым бастығы, аға шебер, инспектор металлург, 1989 жылы бас инженердің орынбасары – ЕҚжТБ бастығы, №1 балқыту цехының өндіріс жөніндегі бастығының орынбасары, 1995 жылы «Феррохром» АҚ экономика жөніндегі вице президентіне, 1996 жылы қоршаған ортаны қорғау және еңбек қауіпсіздігі бөлімінің бастығына дейін кәсіби өсудің барлық кезеңдерінен сүрінбей өтті.2001 жылы зауыттың еңбекті қорғау және қауіпсіздігі бойынша бас техникалық жетекші, 2011-2017 жылдар аралығында еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі жетекші инженері болып зейнеткерлікке дейін қызмет етті. Қазіргі таңда зейнеткерлікке шықса да техникалық инспекторларға еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігін сақтау, еңбек қатынастарын реттеу және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында олардың құқықтары мен өкілеттіліктерін түсіндіріп, өндірісте жұмысты қауіпсіз әрі ұтымды ұйымдастыруға нақты көмектесетін ақпараттар жайлы дәріс оқып жүр.
Жарты ғасырға жуық іс-тәжірибесі бар металлургтердің ақсақалы атанған ол өндіріс орындарында жұмыскерлердің қауіпсіз әрі алаңсыз еңбек етуіне қатысты жобаларды, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға мүмкіндік беретін кең ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды. Жаңашылдық жобасы барысында зауыттың шығаратын өнімдерінің экономикалық тиімділігін арттыруға, жұмыскерлердің техникалық қауіпсіздікті басты назарға ала отырып еңбек етіп, отбасына аман-сау оралуынаөзіндік із қалдырған жан.
Қарт металлург Бейбіт Нуртаев 80 жылдық тарихы бар зауытты әр кездері басқарған директорлар:Геннадий Кошкин, Никита Новиков, Нурлан Тәжібаев,Демеу Даулетов, Леонид Имансу, Валерий Гриненко, Петр Петлюх сынды алдыңғы буын өкілдерінен тәлім ала отырып, кейінгі жас басшылар Мурат Мукашев, Жалғас Мусабеков, Ержан Абдулабековтерге тәлім – тәрбиесін, ағалық ақыл-кеңесін беріп жөн сілтеп отыратын мықты маман.
–Мен қиын әрі ауыр, аса жауапкершілікті қажет ететін металлургия саласына
1977 жылы келген болатынмын.Сол уақыттан бастап өндірістің қызу тірлігіне араласып келемін. Зауытсыз өмірімді елесте де алмаймын. Өндірісте жүріп есейдім, тіпті өмірлік серігіммен де осы жерде танысып отбасын құрдым, балалы-шағалы болдым, зейнеткерлікке шықтым. Мен үшін өндірістің әрбір бұрышы қымбат. Сондықтан шығар зейнетке шықсам да жұмысымды жалғастырып келемін. Қазхромдықтар арасында «Мықтының мықтысы ғана – металлург бола алады»деген қағида бар. Шыныменде металлург болу үшін қайсар мінез, шыдамдылық, күш-қайратты да қажет ететін болғандықтан бұл мамандықты тек таңдаулылар ғана атқара алады. Мықтылардың мамандығын игеріп, өндірісте абыройлы еңбек еткенімді мақтан етемін.Зауыт жақсы мамандар дайындайтынүлкен –мектеп,– дейді кейіпкеріміз.
2001 жылдан бастап өндірістегі еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі бөлімін тізгінге алған Бейбіт Мұратұлының жетекшілігімен «Луч» жобасы да ойдағыдай жүзеге асырылып кәсіпорындағы қауіпсіздікті азайтып, жазатайым оқиғаларды болдырмаудың алдын алып келеді. Өндірісте қауіпсіздік қашанда бірінші орында болу керектігін жақсы білетін ол көптеген ауқымды іс-шараларды, жобаларды жүзеге асырды. Қай салада істеседе өзі шаруасын дөңгелете білетін білімі мен біліктілігі, оқып үйренгенімен іс-тәжірибесі мол металлургтың ізінен ерген, салып кеткен сара жолын жалғастырып келе жатқан шәкірттері өте көп әріжоғары лауазымды басшылық қызметті бағындырып жүр. Олардың қатарында Еуразиялық Топта басшылық қызметте жүрген Әлібек Әйденов, Шыңғыс Ахметов, Әнуар Мукан, Ақсу ферроқорытпа зауытының еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігінің бас жетекшісі Булат Ищанов, Дөң тау-кен байыту комбинатының еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігінің бас жетекшісі Қайрат Тәмпішбаев, Екібастуздағы ірі мекеменің еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Тимур Имашев, «Лотос» ЖШС еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Ерген Қазиев, мыс компаниясында бөлім бастығы Нурлан Кашкенов т.б. сол сияқты білікті мамандардың бәрі Бейбіт Мұратұлының шәкірттері.«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген осы шығар. Ұстаз – шәкіртімен мақтанады демекші сұхбат алу барысында ол өзінің шәкірттерінің биіктерден көрініп жүргенін ерекше бір үлкен мақтанышпен тізбектеп берді.Білімді ұстаз ғана – білікті шәкірт тәрбиелейді деген осы шығар.