Ұлағатты ұстаздар әулеті

Ұстаз болу – жүректің батырлығы. Өйткені, бала тәрбиесі қоғам игілігіндегі ең жауапты іс. Ұрпақ тәрбиесіндегі ең ұлы қызметтің бірі – ұстаздық. Ал осы мамандық үлкен бір әулетте ұрпақтан- ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны тіпті ерекше. Ауданда осы жолды таңдап, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатуға сеп болып жүрген ұстаздар әулеті бар. Соның бірі – Шәріповтар әулеті.
Шаріпова Гүлжамал Сәбиқызы Павлодар педагогикалық институтының физика – математика факультетін математика мамандығы бойынша тәмамдап, №2 Ертіс қазақ орта мектебінде мұғалім болып бастап, кейін директордың оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етіп, білім саласына айтарлықтай үлес қосты. Ондағы мақсаты да айқын, ауыл балаларына сапалы білім, саналы тәрбие беру болатын. Гүлжамал Сәбиқызың білім саласында еңбегі еленіп, көптеген марапатқа ие болған.

Дарынды шәкірттері Республикалық, Халықаралық ғылыми жобалар жеңімпаздары атанды. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаздар әулетінде тәрбиеленіп, ұстаздық жолын таңдаған, білім беру саласында талай жыл аянбай еңбек етіп, өңіріміздің ғылым мен білімін дамытуға өзіндік үлесін қосып жүрген қыздары Гүлнәр мен Анар.

Тұңғыш қыздары Гүлнәр № 2 Успенка жалпы орта мектебінде физика және информатика пәнінің мұғалімі, екінші қызы Анар № 2 Ертіс жалпы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келеді. Сонымен қатар әулеттің күйеубалалары да педагогтар. Үлкен күйеубаласы Галимов Әділбек Ғазизұлы физика және информатика мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіріп, № 2 Успенка жалпы орта мектебінде мектеп директоры болып қызмет істейді. Ал Сайдаш Кәрбайұлы болса № 1 Ертіс жалпы орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін білікті ұстаз.