Өндірістің үздік жас маманы

«Астана-РЭК» АҚ-ның II санатты инженері, кәсіподақ мүшесі Айнұр Байбатырова – «Еңбек жолы-2023» байқауының Астана қалалық кезеңінде «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясының жеңімпазы.

Айнұр Беркенқызы 2000 жылы Астана қаласында туған. 2022 жылы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін тәмамдайды.

Ол өткен жылдан бастап елорда тұрғындарына және заңды тұлғаларға электр энергиясын тасымалдау және үлестіру жөніндегі ірі энергетикалық компания – «Астана-АЭК» АҚ-да инвестициялық бағдарламаны іске асыру бөлімінің инженері болып қызмет етіп келеді.

«Мен өзім таңдаған «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша жұмыс істеймін. 2022 жылы «Астана-АЭК» АҚ-да, релелік қорғау және автоматика қызметінде үш ай тәжірибеден өттім. Қазіргі уақытта алған біліміммен кәсіби міндетімді жетілдіріп жүрмін»,-дейді Айнұр Байбатырова.

Ол өзін барлық жұмыс уақытында жауапты, ұқыпты, тез үйренуге қабілетті, жас та болса ұжымының қоғамдық өміріне белсенді қатысып, адамдармен тіл табыса білетін қызметкер ретінде көрсете білді.

Биыл елорда күніне орай А.Байбатырова Астана қаласы әкімінің орынбасарынан дипломмен марапатталды. Ал жуырда өткен «Еңбек жолы» байқауының қалалық кезеңінде «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында жеңімпаз атанды.

«Мен отбасының ең кенжесімін. Отбасы — өмірдегі ең маңызды нәрсе. Менің үйімде 7 адам бар, мен әрқайсысын өз жолыммен құрметтеймін және жақсы көремін»,- дейді.

Хобби адамның ішкі көңіл-күйін, мінезі мен көзқарасын бейнелейді. Айнұр жұмыстан тыс уақытта ән айтады, хореография және йогамен айналысады. Жас та болса қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өз қызметіне жауапкершілікпен қарайды.