ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ  ТАПҚАН ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ!

Еңбек жолы конкурсында «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері»   номинациясына №187 мектеп мұғалімі Сапаров Қалдыбек Балабекұлы жеңімпаз атанды.  Жергілікті «Ұстаз» кәсіподақ ұйымының Наурызбай аудандық филиалының төрағасы Мұрат Сейтасқаров бөлісті: «Мұғалім – қоғамдағы басты тұлға. Оның іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі,болмысы сыртқы ортаға үлгі-өнеге көрсетерлік болуы керек. Осындай зор тұлға болуы үшін мұғалім үнемі мотивациямен, шабытпен,құштарлықпен балаға білім мен тәрбие береді. Әрбір ұстаз өз мамандығын,пәнін сүйіп,құрметтей алса,шабытын жоғалтпайды. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Осындай білікті де білімді ұстаздарымыздың бірі, бейнелеу және көркем еңбек пәнінің мұғалімі, қылқалам және дәстүрлі қолданбалы өнерінің шебері, сондай-ақ  Қазақстан  және Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі және Ұлттық дизайн академиясының академигі – Сапаров Қалдыбек Балабекұлы. Қазіргі таңда білікті ұстаз Алматы қаласы Наурызбай ауданы №187 жалпы білім береітн мектепте қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп келуде. Білім алушыларды мектеп қабырғасынан бастап үлкен өмірге даярлауға, қабілеті мен бойындағы икемділігіне сәйкес мамандыққа баулуға, ең бастысы адамгершілікке тәрбиелеу жұмыстарын өрістетуге назар аударып келеді.
           «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді.  Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімдік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ  өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздың бірі – Сапаров Қалдыбек Балабекұлы 1980-1984 жылдары Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет өнер училищесіне білім алып, суретші – көркемдеуші мамандығын тәмамдап шығады. Ал 2003-2006 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің қабырғасында шеберлігін арттырып, бейнелеу өнер және сызу мамындығына ие болды.
         Суретші – көркемдеуші мамандығын алғаннан кейін Сапаров Қалдыбек Балабекұлы өзінің еңбек жолын Шымкент қаласында КазТоргРеклама мекемесінде суретші – әрлендіруші ретінде бастады. Кейіннен сол кездегі Ташкент облысы Бостандық ауданы, Шыршық қаласында Автоматика Бюросының Тәжірибелік-Конструкторлық Жұмыстары (ОКБА) атты мемлекеттік химиялық өндіріс министрлігіне тиісті мекемеде және ЭлектроХимПром өндірістік бірлестігінде суретші – әрлендіруші  мамандығында қызмет етті.  Ал, 2002-2003 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде оқытушы-шебер болып жұмыс жасады. 2006-2012 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясында оқытушы-шебер. 2014 жылдан бері қарай Алматы қаласы Наурызбай ауданы №187 жалпы білім беретін мектепте ұстаздық қызмет атқарып келеді.
Әр студенттің жан дүниесіне үңіліп, сырласа білу, олардың жүректеріне жол табу, ата-аналардың көңілін табу- осының бәрі ұстаздардың ерең еңбегі. Ұстаздық жолы ауыр жол. Сондықтан да қай заманда болмасын ұстазға деген құрмет жоғары болған. Ұстаздың берген білімін тәрбиемен алған шәкірт – ұстазынан асар деп бекер айтпаған. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімді қадірлеу. Қылқалам және дәстүрлі қолданбалы өнерінің шебері – Қалдыбек Балабекұлының ұстаздық және білім жолындағы талай  жетістіктерге қол жеткізген. Оның бірі: «Қазақстан ұлағатты ұстазы» төс белгісін иеленді; «Қазақстан алаш ұстазы» төс белгісін иеленді; Ұстаздардың халықаралық құрмет тақтасына енгендігін растайтын куәлік алды; «Ұлттық дизайн академиясының академиг»і төс белгісіне ие болды; «Үздік ұстаз» төс белгісіне ие болды және т.б.  Қалдыбек Балабекұлы секілді өз мамандығының шеберіне бұл келтірілген білім және шығармашылық саласында қол жеткізген жетістерінің тек бір ғана бөлігі болып табылады.  Мұғалімнің сабақтары, түрлі шаралары үлкен ізденіспен, әзірлікпен, қазіргі заманға сай технологияларды пайдаланып, баланың жүрегіне әсер ететіндей етіп өткізеді. Осындай ұстаздар қатары көбейе берсе, білім алып жатқан балаларымыздың оқуға қызығушылықтары әрі қарай артады деп ойлаймыз. Ол оқытқан балаларымыз қазақ халқының іргесін ешқашан ыдыратпай, тілімізді, әдет – ғұрпымызды мақтан ететін болады.
          Қалдыбек Балабекұлы тек оқушылармен, ұстаздармен жұмыстанып қоймай, ата – аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейді  Болашақта да көптеген жақсы жұмыстарының куәсі болып жүруімізге жазсын деймін. Оның еңбегі зор, адамгершілігі мол адам. Өзінің алға қойылған мақсаттары орындала беруіне, шығармашылық табыстары молайуына тілектеспіз».