Еңбекпен еленген әулет

«Еңбек жолы» конкурсының республикалық байқауында «Үздік еңбек әулеті» аталымында бірінші орынды Амангелдиновтер әулеті иеленді.

«Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпазы Лейла Амангелдинованың айтуынша, әулеттің негізін қалаушы – үлкен атасы Орыспек Амангелдинов еңбек жолын 1919 жылы еліміздің шығысында орналасқан Таңсық теміржол бекетінде бастады. Кейін Матай жол дистанциясында слесарь, бригадир, аға жол бригадирі болып еңбек етті. Түркістан-Сібір магистралінің құрылысына қатысқан. Сеніп тапсырылған учаскені үлгілі және мінсіз күтіп-ұстағаны үшін темір жол министрлігінің бұйрығымен барлығы 8 медальмен марапатталған екен.

Орыспек Амангелдиновтен тараған ұрпақтың теміржол саласында еңбек еткен жылдарын, яғни отызға жуық адамның еңбек өтілдерін қосқанда 797 жылды құрап отыр.

«Үлкен атамыз талапшыл, шыншыл, ашық, жанқияр, еңбекқор, болған. Ол осы қасиеттерді балалары мен немерелеріне де дарытқан. Теміржолшы мамандығы біздің әулетіміз үшін әрдайым киелі және құрметке ие» – дейді әулеттің төртінші буыны Лейла Бекежанқызы.

Қазіргі уақытта Лейла Амангелдинова “ҚТЖ” ҰК “АҚ-да адами ресурстарын басқару департаментінің менеджері болып жұмыс істейді. Амангелдиновтар әулетінің кәсіби еңбегі үшін үздік еңбек әулеті деп танылғанына қуанышын білдірді.