«Келешек» жастар кеңесінің мерекелік отырысы өтті

10 қазан Кәсіподақтар күніне орай ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен «Келешек» жастар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиналысқа аумақтық кәсіподақтардың «Келешек» жастар кеңесінің төрағалары қатысты.


ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев қатысушыларды Кәсіподақтар күнімен құттықтап, кәсіподақ қызметін жаңғырту аясында жастармен жұмысты күшейтуге және жандандыруға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда кәсіподақ қатарында шығармашыл жастар баршылық. Дәл осындай адамдар елдің қозғаушы күші ретінде еңбек жастарының әлеуетін арттыруды қамтамасыз ете алады. Кәсіподақтар федерациясы – ең үлкен қоғамдық ұйым болса, Сіздер – ең ірі жастар ұйымы болып есептелесіздер. Кәсіподақ қозғалысы төңірегінде атқарып жүрген еңбектеріңіз бағалана берсін», – деп ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев алғысын білдірді.


Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев жастар кеңесінің атқарылған жұмысына, күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелерге тоқталды. Отырыста Жастар кеңесінің қызметі, ұйымның елеулі жетістіктері, халықаралық ынтымақтастықты дамыту жоспарлары баяндалып, Қазақстанның жастарымен одан әрі  шаралар жасау бойынша ұсыныстар талқыланды.
ҚРКФ-ның «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев жастар кеңесі волонтерлікке баса назар аударатынын айтып, атқарылған іс-шараларды баяндады.
«Жастар кеңесі қайырылымдық шараларға қатысудан аянбайды. Қазіргі таңда Халықаралық волонтерлік іске бет бұрып жатырмыз. Түркия еліндегі жер сілкінісі кезінде Қаһраманмараш қаласына арнайы барып келген едік. Ол жақта Кәсіподақтар жалауын желбіретіп, өз жұмысымызды көрсеттік. «Біз біргеміз» қайырымдылық қорымен бірге 40 тонна гуманитарлық көмек және 30 млн теңгеге жуық соманы табыстадық», – деп атап өтті «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы.


Сонымен қатар аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен бірге ұйымдастырылған іс-шаралар талқыланды. Оның ішінде ҚР Кәсіподақтар үйінде таныстырылым кеші, «Жақсылық жасап жарысайық» қайырымдылық акциясы жайында мәлімдеді.
«Кәсіподақтар федерациясының басты негізі, ол – салалық кәсіподақтар. Сондықтан біз олармен тығыз қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Айта кетсек, Ақтөбе қаласында Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен және «Казрансойл» мен ҚТЖ компанияларының демеуімен «Жақсылық жасап жарысайық» челленджін бастадық. Іс-шараның басты мақсаты – жұмысшы жастардың арасында еріктілікті дамыту, жас ұрпақтың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру болды» ,- деді ҚРКФ Жастар кеңесінің төрағасы.
Қатысушылар арасынан Қарағанды облысының кәсіподақ орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аймира Баграмова алғаш рет Қазақстанда алғашқы өнеркәсіптік өндіріс пен кәсіподақ құрудың тарихи орындары бойынша Қарағанды облысы Шет ауданы Успен ауылдық округіне ұжымдық сапары жөнінде баяндап, Кәсіподақтардың тарихи-мәдени жерлерін тану мақсатында жастарға осы мекенге баруды ұсынды.


Сондай-ақ алдағы уақытта Шымкентте Орта Азия елдерінің Кәсіподақтар кеңесінің (ОАЕКК) жанынан құрылған Жастар кеңесінің жиыны өтетіні туралы және бұл жиында ҚРКФ «Келешек» жастар кеңесі төрағалық ететінін атап өтті.


«Жастар болашақты қалыптастыруда және еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Халықаралық аренаға шығу мүмкіндігі туғалы жатыр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Кәсіподақтар Федерациясында жастарға көп көңіл бөлінеді. Еңбек жастарының дауысы әрқашан мемлекеттік саясатты қалыптастыруда және маңызды әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешуде естілуі керек», – деді Аян Сәлімгереев.

ОАЕКК және Жұмысшы жастар кеңесінің форумы жоспарланып, ОАЕКК жастар кеңесінің өкілділігіне Қарағанды облысының кәсіподақ орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аймира Баграмова мен Павлодар облысының кәсіподақ орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Гүлзира Атабаева тағайындалды.
Жиын соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Ермек Қаңлыбаевқа «Белсенді еңбегі үшін» ҚРКФ медалін табыстады.
Жиын креативті идеяларды ұсыну және еңбек жастарын қолдау бойынша бірқатар жобаларды талқылау үшін тиімді диалог алаңы болды.