Қызылордада Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестер, облыстық мәслихаттағы «Еңбек» депутаттық тобының мүшелері, кәсіподақ ардагерлері мен кәсіподақ жастары қатысты.

Биылғы төл мерекеге арналған шараларды Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдары кәсіподақтар қозғалысындағы ардагер, аға буын мен жастар сабақтастығын насихаттау мақсатында «Ұрпақтар кездесуі» тақырыбымен атап өтті.
Салтанатты шара жастарға өнеге-үлгі болар кәсіподақтардың танымал тұлғаларының кәсіподақтар қозғалысындағы жемісті еңбектері мен еңбек адамының мүддесі үшін атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы туралы бейнебаянмен басталды.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет шарадағы кәсіподақтарды төл мерекелерімен құттықтау сөзінде қоғамдағы кәсіподақтар қозғалысының роліне тоқталып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі және еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауда оларға артылатын міндеттердің артқандығын, мемлекет ұстанған әлеуметтік-саяси бағытпен адам игілігі үшін бірлескен жұмыстарды атқарудағы ортақ жауапкершілікті атап өтті.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев Қауіпсіз еңбек жылы болып белгіленген 2023 жылдағы өңірдегі әлеуметтік әріптестердің ынтымақтастығына, кәсіподақ белсенділеріне жұмыскерлердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік мүдделерін ілгерілетудегі еселі еңбектеріне ризашылығын білдірді.
«Соның ішінде, еліміздің кәсіподақтар қозғалысының қайнар бастауында тұрған ардагерлерімізге өнегелі жұмыстарыңыз үшін, еңбеккерлердің мүдделерін қорғау жолында оразан зор еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді.
Бүгінде Кәсіподақтар сіздердің салған дара жолдарыңызды жалғастырып, белсенді жұмыстарды жалғастыруда. Кәсіподақтар қатарында жастардың болуы мен кәсіподақтардың белсенді жастарын қолдау, жастардың еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек құқықтарын білдіру мен қорғаудағы рөлін арттыру – біздің маңызды мақсатымыз» деді бірлестік төрағасы.
Құттықтау сөз алған облыстық кәсіподақтардың ардагері, алтын дәрігер Ақмырза Сыдықов аймақтағы кәсіподақтар жүйесінің дамуы тарихнамасынан сөз қозғап, жұмыс буыны мен жастарға үлкендік тілегін жеткізді. Сонымен қатар, шараға қатысушылар ұрпақтар сабақтастығы көрінісіне куә болды. Кәсіподақ ардагері ұрпақтар сабақтастығы нышанымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы туын облыстық білім саласы кәсіподағының «Келешек» Жастар кеңесі төрағасы Куандық Изкеновке салтанатты түрде тапсырды.

Кәсіподақтардың төл мерекелік басқосуында бірқатар кәсіподақ ардагерлері мен белсенділеріне кәсіподақтар жүйесіндегі белсенді еңбектері үшін Қызылорда облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен салалық, өңірлік кәсіподақ бірлестіктерінің марапаттары табысталды. «Жас келсе іске» ұстанымымен өз ұжымдарында, салаларда қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кәсіподақтар қозғалысының дамуына елеулі үлес қосып жүрген кәсіподақ жастары марапат төрінде басым көрінді.
Қызылорда облысы
