Ақтөбе облысында теміржолшылардың еңбек жағдайлары жақсартылды

Ақтөбе облысының теміржолшылары енді шойын жолды жол талғамайтын көлікпен аралайды.

Алғашқы арнайы көлік Ақкемер станциясының жөндеу бригадасына берілді. Жақын арада өңірге осындай тағы екі көлік жеткізілетін болады. Сонымен қатар, шағын станциялар мен жартылай станцияларда модульдік ғимараттар орнатылып, жылу пункттері пайда болады.

Қазақстан теміржолшылар кәсіподағының Батыс филиалының төрағасы Ғабит Садықов атап өткендей, әлеуметтік әріптестермен сындарлы келіссөздердің арқасында жұмыс беруші қолайлы еңбек жағдайларын жасаумен қатар, ұжымдық шарт шеңберінде міндетті төлемдерді де ұлғайтты.

«Желтоқсан айында біз ұжымдық шартқа жаңа кепілдіктерді енгіздік. Төлем нормалары барлық бөлімдер бойынша 5 айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылды. Ұжымдық шартқа 72 мәселе енгізілді. Жалпы алғанда, әлеуметтік көмек көлемі 5 млрд теңгеге, еңбекақы қоры 9 млрд теңгеге дейін артады», – деді кәсіподақ жетекшісі.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мәліметінше, 2023 жылы қызметкерлердің санитарлық-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды шаралар қолға алынған. Локомотив бригадаларының 228 ғимараты, 467 үй-жайы және 37 демалыс үйі жөнделді. Желі қызметкерлерін жұмыс орындарына жеткізу үшін 384 автокөлік сатып алынды.ҚТЖ желісінде жұмыс істеу үшін 132 модульдік ғимарат орнатылды, олар шалғайдағы станцияларға баратын теміржолшылардың дұрыс демалуына қажетті барлық нәрсемен жабдықталған (душ, тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс-аяқ және т.б.).

2024 жылы 120-дан астам модульдік ғимараттарды орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, республика бойынша теміржолшылар жұмыс кезінде жаңбыр мен желден пана алатын теміржол бойындағы тозығы жеткен құрылыстарды ауыстыру үшін 1224 жылу пункті орнатылған. ҚТЖ сендіргендей, теміржолшыларға қолайлы еңбек жағдайын жасау жұмыстары жалғаса береді.