ҚРКФ Білім беру марафоны : «Еңбек шартын тоқтату негіздері»

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Білім беру марафоны» аясында Маңғыстау және Қызылорда ​​облыстарының кәсіподақ белсенділері үшін «Еңбек шартын тоқтату негіздері. Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері және тәртібі» тақырыбында онлайн семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – кәсіподақ белсенділері мен кәсіподақ мүшелері арасында құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейін қамтамасыз ету.

Семинарды ашқан ҚРКФ ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары, еңбек қатынастары жөніндегі сарапшы, білім беру жобаларының үйлестірушісі Ләззат Есжанова  бүгінгі семинардың тақырыбы өте өзекті екенін және бұл тақырып жұмыс беруші мен жұмыскердің өзара қарым-қатынасындағы құқықтық білімді арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Семинар спикері-Кәсіподақтар федерациясының лекторлар пулының мүшесі, Қызылорда облыстық Кәсіподақ орталығының бас маманы Майра Боранбаева ҚР Еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, оның ішінде еңбек шартын тоқтату негіздері, еңбек шартын тоқтату тәртібі туралы теориялық ақпарат беріп, нақты мысалдар жүзінде көрсетті.

Майра Боранбаева еңбек қатынасындағы еңбек шартының маңыздылығы туралы айта келе,  ҚР Еңбек Кодексінің 49 бабында көзделген еңбек шартын тоқтатудың 9 түрін жекелей талдады.

«Еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша, еңбек шарты мерзімінің аяқталуы, жұмыс берушінің бастамасы бойынша, жұмыскердің басқа жұмыс берушіге ауысуына байланысты, жұмыскердің еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартуы, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу, тараптардың еркінен тыс мән-жайлар, еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы және т.б. себептермен тоқтатылады», – деді спикер.

Ары қарай ҚР Еңбек Кодексінің 52, 53 баптарындағы жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуын қарастырып, қосымша 131-бапта көрсетілген жұмыскердің жұмысынан айырылуына байланысты берілетін өтемақы төлемдері туралы айтып берді.

Спикерлер кәсіподақ жұмысының әлеуметтік маңызды тақырыптары бойынша семинарға қатысушылардың сұрақтарына сауатты жауап берді. Кәсіподақ мүшелеріне қарастырылып отырған тақырып бойынша әдістемелік және талдамалық материал берілді.

Айта кететін жайт, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Білім беру марафоны» аясындағы кездесулер алдағы уақытта өз жалғасын таппақ.