Кәсіподақ су тасқынына қарсы шаралар қолдануда

Кәсіподақтар үйінің ғимаратында облыстық өнеркәсіп кәсіподақтары филиалдары төрағаларының қатысуымен жиын өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы су тасқынына қарсы шараларға қатысты мәселелер болды. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір апта бұрын облыс орталығы су тасқынынан зардап шегіп, көп адамның мүлкіне зақым келген болатын.

Соңғы мәліметтер бойынша, облыс орталығында 16 тұрғын үй, жеке тұрғын үйлердің 29 аула аумағы, көппәтерлі тұрғын үйлердің 12 аумағы, теміржол ауруханасының жертөле үй-жайы және “Ертөстік”балабақшасының бірінші қабаты су басқан.
Қазіргі уақытта Көкшетаудағы эвакуациялау пунктінде 29 адам, оның ішінде 11 бала бар.
Достық үйінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинау пункті ашылды.

Көкшетау қаласында су тасқынынан зардап шеккен мүлікті қалпына келтіру бойынша комиссия құрылып, оған 109 өтініш түскен.

«Ақмола облысының кәсіподақ орталығының» Аумақтық кәсіподақтың төрағасы Қали Рахметов жағдайдың тезірек қалпына келетініне сенім білдірді. Жиынды қорытындылай келе, ол су тасқыны мәселесін шешудегі басты міндетті белгіледі: жағдайды бақылауда ұстау, қажет болған жағдайда су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне көмек көрсету.