Павлодар облысында құқықтық оқыту ұйымдастырылды

Павлодар Кәсіподақтар үйінде «Келісу комиссиясының дәлелді шешімін қалай ресімдеу керек?» тақырыбы бойынша оқу семинары өтті.
Экономиканың барлық салаларындағы кәсіпорындардың келісу комиссияларының төрағалары мен мүшелеріне «Келісу комиссиясының дәлелді шешімін ресімдеу» тақырыбын терең зерделеу үшін кейстерді талқылау ұсынылды.


«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 15 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңымен келісу комиссияларына дәлелді шешімдер шығару міндеті жүктелген. Өңірдің аумақтық кәсіподақтар бірлестігі еңбек дауларының түрлі негіздері бойынша келісу комиссиясы шешімдерінің 15 үлгісін әзірледі», – деп атап өтті Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова өз сөзінде.


Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасы филиалының басшысы Марина Иванова қолданыстағы заңнамаға негізделген әртүрлі еңбек даулары бойынша келісім комиссиясы шешімінің дәлелді бөлігінің ерекшелігін атап өтті. Семинар-тренингтің презентациялық практикалық бөлімінде қатысушылар практикалық кейстерге талдап, келісу комиссиясы шешімдерінің ұсынылған үлгілерімен танысты.


«Оқыту интерактивті форматта, еңбек дауларын қараудың сот практикасын тереңдете зерделей отырып, презентациялық ұсынудың жоғары деңгейінде өтті», – деп семинарға қатысушылар оқытуды ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.