Кәсіподақ жетекшілері су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуге дайын

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеевтің қатысуымен Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің басшыларымен онлайн-жиналыста су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар  талқыланды.

Мұхтар Тінікеев табиғи апат жағдайында зардап шеккендерге көмек көрсету және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Қазір су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелерінің тізімі жасалып жатыр. Кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктеріне көмек көрсету бойынша жедел штабтармен іс-қимылдарды үйлестіру жүктелді.
Жиында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының су тасқынынан зардап шеккендерге бір күндік айлық мөлшерінде сома аудару шешімі жарияланды.

Бәрімізге мәлім, су тасқыны бірнеше аймақтардағы жағдайды қиындатты. Ұлытау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Абай, Қостанай және Атырау облыстарында су тасқынының деңгейі артты.

Мамандар су тасқыны күтілетін кейбір аймақтарға қатысты пессимистік болжамдар айтуда. Осыған байланысты Мұхтар Тінікеев аумақтық кәсіподақ жетекшілерін табиғи апаттардың жаңа сын-қатерлеріне дайын болуға шақырды.

Облыстардың кәсіподақ көшбасшылары өз өңірлеріндегі ағымдағы жағдай және зардап шеккендерге қолдау көрсету шаралары туралы хабарлады.
Бірқатар облыстарда кәсіподақ ұйымдары қаржылай көмек ретінде қаражат жинау бойынша жұмыс жүргізуде, уақытша тұрғын үй беру және бүлінген мүлікті қалпына келтіру үшін қажетті материалдық ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде.

Сондай-ақ, жиналыста су тасқыны кезінде жұмыс орындарын эвакуациялау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары табиғи апат мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолдау мәселелерін шешу жөніндегі тиімді әрекет ету және күш-жігерді үйлестіру үшін әлеуметтік әріптестермен және қоғамдық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық қажеттігін атап өтті.

Мұхтар Тінікеев жергілікті кәсіподақ басшыларын жұмысшылардың құқықтарының сақталуын, оның ішінде келтірілген шығынды өтеу мәселелерін қадағалау шараларын күшейтуге шақырды.

Кездесуге қатысушылар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ су басқан өңірлердің тұрғындарына жағдай жасауға көмектесу үшін қажетті шараларды қабылдауға дайын екендіктерін растады.
Мұхтар Тінікеев бұл бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы