Қызылордада әлеуметтік әріптестіктің облыстық үш жақты комиссиясы отырысы өтті

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен облыстық үш жақты комиссия отырысында аймақтағы еңбек ұжымдарында қалыптасқан жағдай талқыланды. Жиналысқа аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, құқық қорғау органдарының басшылары, құзырлы мемлекеттік органдар мен еңбек дауы тәуекелдері бар деп танылған еңбек ұжымдары басшылары қатысты.

Облыс әкімі өз сөзінде жұмысшылардың құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және жалақыны арттыру назардағы басты мәселелердің бірі екенін айтты.

Еңбек дауларында жұмыскерлердің жалақыны көтеру талаптарының көп көтерілетіндігіне назар аудартқан аймақ басшысы қоғамда шиеленіске жол бермей, оңтайлы шешім қабылдау басты міндет екендігін атап өтті. Және осы ретте ұйымдарда басшылық құрамның емес, қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру маңызды деді өңір басшысы.

Жиын барысында облыстық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Ғанижан Қалиев осы жылдың бірінші тоқсанында еңбек қатынастары бойынша қабылданған өтініштер мен олар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданған тиісті шаралар туралы баяндады.

Өңір бойынша еңбек жанжалдарының алдын -алу, ұйымдарда еңбек ахуалының тұрақтылығын сақтау, әлеуметтік әріптестік шеңберінде кәсіподақтармен бірлескен жұмыстар бағыты туралы мәселелер тілге тиек болды. Комиссия отырысы қорытындысында жұмысшылардың еңбек жағдайының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін қатаң бақылауға алу туралы тапсырма берілді.