Кәсіподақтар салауатты өмір салты үшін

Ақтөбе Ферроқорытпа зауытының спорт кешенінде қазақ күресінен «Қазхром» компаниясы жұмысшылары арасында «Қазхром» ТҰК» кәсіподақ бірлестігі төрағасының кубогы үшін турнир өтті. Аталған байрақты бәсекеге Ақтөбе Ферроқорытпа зауыты мен Дөң кен байыту комбинатынан жиналған балуандар қатысып, кәсіподақ төрағасы кубогын өзара сарапқа салды.


Турнирді «Қазхром» ТҰК кәсіподақ бірлестігінің төрағасы, Ақтөбе облыстық Асық ату федерациясының президенті Әбілқайыр Сотқаров пен Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры Асан Карманов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

ҚР Асық ату федерациясының бас хатшысы, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев өз кезегінде осы турнирді өткізуге ұйытқы болған, үнемі ұлттық спортқа жанашырлық танытып жүретін Әбілқайыр Аутайұлына ҚР Асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлының Алғыс хаты мен журнал редакциясы атынан «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» медалін табыс етті. Ақтөбе облыстық Асық ату федерациясының вице-президенті, №71 Ә.Марғұлан атындағы орта мектеп директоры Оразбай Ұлқабай ақтөбелік асықшылар атынан Әбілқайыр Аутайұлының иығына шапан жауып құрмет көрсетті.

Ашылу салтанатына «Қазхром» ТҰК» басқару аппараты, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жарасхан Жұбатқанов, Әйтеке би аудандық мәслихатының депутаты, қазақ күресінен Ақтөбе облыстық құрама командасының аға жаттықтырушысы Жанболат Естаев және басқалары қатысып, ұлттық күресімізді ұлықтап жатқан зауыт ұжымына, әрдайым жақсы істердің жаршысы болып жүретін кәсіподақ төрағасына ризашылықтарын білдірді.


Соңғы уақытта еліміздің көп өңірінде су тасқыны болып, қиыншылықтар туғызып жатқаны белгілі. Табиғат апатынан зардап шеккен ақтөбеліктердің бірі, көп балалы ана Мейрамгүл Дүйсенбаеваға балуандар турнирдің жүлде қорынан қаржы бөліп, қайырымдылық көмек жасады. Осылайша турнирге қатысушылар өзгелерге үлгі болатындай азаматтық танытты.