Басты міндет – еңбек адамының құқығын қорғау

Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы жанынан құрылған заң клиникасының филиалында азаматтарға еңбек, әлеуметтік және кәсіподақтар заңнамасы аясында тегін заңгерлік кеңес беру әрі қарай өз жұмысын жалғастыруда.
Бұл жолы заң клиникасына азамат Н.Айтжанов жүгінді. Айтуынша 16.05.2023 ж. «ТрансТелекомСвязь» ЖШС байланыс электромонтері болып жұмысқа орналасып, 10.07.2023 ж. жұмыстан босатылған. Алғашқы жұмысқа орналсқаннан кейінгі 1 айының жалақысын алып, келесі айға тиесілі еңбек ақысы төленбей жалақы мен ақшалай өтемақы төлемдерінсіз 10.07.2023 ж. жұмыстан шығарылған.
Осы мәселе бойынша Кәсіподақ орталығының жанындағы Заң клиникасы филиалының басшысы Ж.Нұршекенов заң тұрғысындағы маңызды факторларға тоқтала отырып, қарапайым жұмысшыға заңгерлік көмек көрсетті.

Жұмысшының жұмыс беруші өкілдерінің әрекетіне шағым беру үшін тиісті құжаттар рәсімделіп, Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына жолданып, аталған іс кәсіподақ орталығының назарына алынды.
Заң клиникасының бастамасымен облыстық еңбек инспекциясының жоспардан тыс тексеруі барысында «ТрансТелекомСвязь» ЖШС тарапынан жұмысшыға жалақы төленбеуі бойынша  762 232 теңге мөлшерінде жалақы бойынша берешек анықталды.
Нәтижесінде – «ТрансТелекомСвязь» ЖШС-не сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдану жөнінде әкімшілік хаттама жасалып, жұмыс берушіге бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді.
Азамат Н.Айтжанов өзін толғандырған мәселелер бойынша тиісті органдарға жүгінуге мүмкіндік жасаған Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының Заң клиникасының қызметіне өз ризашылығын білдірді.