БҚО үйлестіру кеңесі: Басты міндет – еңбек адамының мүдделерін қорғау

Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығында Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде ҚР Кәсіподақтар Федерациясының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан еңбекші әйелдерінің I Форумы, өңірде су тасқынына орай қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты атқарылған шаралар және басқа да маңызды мәселелер талқыланды.

Үйлестіру кеңесіне Қазақстан еңбекші әйелдерінің I Форумына БҚО атынан қатысқан делигат, «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» БҚО ҚБ мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, археолог Лұқпанова Яна қатысып, форумнан алған әсерімен бөлісті.

«12 сәуірде Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Халықаралық еңбек ұйымымен бірге ұйымдастырған «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» тақырыбындағы Қазақстанның еңбекші әйелдерінің I форумы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында, ұлттық дәстүр мен рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтауда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде әйелдердің айрықша рөлін, маңызын ескеретін бірегей орта болды. Еңбек қатынастары, әйелдердің еңбектегі қауіпсіздігі, құқықтарының сақталуы, сондай-ақ №190 Конвенцияны ратификациялау мәселелерін қамтыды. Бұл үрдіс Қазақстанның барлық әйелдерін қамтып, зор пайдасын тигізетіні сөзсіз!»,- деп атап өтті Яна Амангелдіқызы.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстанда орын алған төтенше жағдайға байланысты салалық, жергілікті және облыстық кәсіподақтар орталығы топан судан зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек көрсетуде. Атап айтатын болсақ, 11 сәуір күні БҚО Кәсіподақтар орталығы қызметкерлері Батыс Қазақстан облысының су басудан зардап шеккен тұрғындарға көмектесу үшін бір күндік жалақыларын аударды. Сонымен қатар, БҚО Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Атауов Бауыржан Аяпбергенұлы БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету бойынша қала әкімдігі жанынан құрылған комиссия төрағасы болып сайланды.

17 сәуір Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының ұжымы бірлесіп су бөгеттерін жасап жатқан 150 адамды тамақ пен сусындармен қамтамасыз етті. «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы медициналық көмек көрсетіп жүрген қызметкерлерге жұмысқа қажет аппаратар мен дәрі-дәрмектер жеткізді. Барлық Салалық және жергілікті кәсіподақтар да 1 сәуірден бері өз деңгейінде көмектесуде. Аталған бағыттағы шаралар өңірдегі қауіпті жағдай басылмайынша жалғасын таппақ.