Түркістандық спортшылар гуманитарлық көмек көрсетуде

Түркістан облысының спортшылар қауымы еліміздің су басқан өңірлеріндегі жағдайға алаңдаушылық танытып, өз көмектерін көрсетуде. Қатардағы азаматтардың ұйымшылдығының арқасында азық-түлік, тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар жиналды.

Басқарма басшысы Қанат Жолдықараев күрделі жағдай кезінде көмек қолын созған әріптестеріне алғысын білдіріп, осындай игі шаралар түркістандық спортшылардың назарынан тыс қалмағанын тілге тиек етті.

– Бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде табиғи апат қаупі күшейіп, көктемгі су тасқыны басталды. Дегенмен қазақстандық еріктілер қиындық кезінде ешқашан шет қалған емес. Қазір де көптеген отандастарымыз су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, қол ұшын созып жатыр. Халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы осындай сын сағаттарда көрініс беретіндігі көңіл қуантады. Түркістан облысының спортшылары қашанда көмек қолын созуға дайын. Міне енді бүгін сол ізгі істердің жалғасы ретінде Түркістан облысының спортшыларының атсалысуымен Солтүстік Қазақстан облысына гуманитарлық көмек жолға шықты, – деді Қанат Жарылқапұлы.