Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин Анкарада бірқатар кездесу өткізді

Түркияға жұмыс сапары аясында Түркі елдерінің Кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымының президенті – Түркияның TÜRK-IŞ Кәсіподақтар конфедерациясының президенті Ергүн Аталаймен, Түркияның Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрі Ведат Ішікханмен, Türk-İş кәсіподақ жетекшілерімен, сондай-ақ, бауырлас елдің әлеуметтік серіктестерімен бірқатар кездесу өткізді.

2019 жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Түркияның TÜRK-IŞ кәсіподақтар конфедерациясы арасында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 2023 жылғы 29 шілдеде Шуша қаласында Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның Ұлттық кәсіби орталықтары кіретін Түркі мемлекеттері кәсіби одақтарының құрылуы Қазақстан мен Түркияның ұлттық кәсіби орталықтарының ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсті. 2023 жылғы 22 қыркүйекте Самарқандта Құрылтай жиналысы өтті, ал 29 қарашада Анкарада жаңа интеграциялық бірлестіктің I Конгресі өтті. Басқосуда Ергүн Аталай ұйымның Президенті болып сайланды. Бас хатшы лауазымына ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қайта сайланды.

22 сәуірде өткен кездесу барысында Ұлттық кәсіподақ серіктес орталықтарының басшылары жаңадан құрылған халықаралық кәсіподақ құрылымының қызметін дамытудың өзекті мәселелерін, оның ішінде Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымының аясында емдеу-сауықтыру туризмін дамыту жолдарын қарастырды.

Сатыбалды Дәулеталин ұйымның кәсіподақ мүшелері үшін жаңа туристік мүмкіндіктерді дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Ұлттық кәсіби орталықтар басшыларының салалық кәсіподақтар басшыларымен кездесуі барысында екі мемлекеттің әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелері талқыланды.

Тараптар өзара бірлесіп атқарылатын жұмыс бағытын пысықтап, еңбекшілердің құқығын қамтамасыз ету, лайықты еңбек пен әлеуметтік әділдік стандарттарын жүзеге асыру жолдарын белгіледі.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшысы TÜRK-IS басшылығына екі елдің кәсіподақтары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, өзара түсіністік орнату жолындағы еңбегін ерекше атап өтіп, ризашылығын білдірді.

“Қазақстан кәсіподақтарының атынан сіздерге еңбекшілердің мүддесін қорғау мақсатында аянбай еңбек еткендеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын! Біз іскерлік қарым-қатынасымызды, берік достығымызды жоғары бағалаймыз. Қазақстан еңбек стандарттарын жақсартуды, қос елдің еңбекшілерін әлеуметтік тұрғыдан қорғау және оларға лайықты жағдай жасау сынды маңызды қадамдарды қолға алуда”, – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Сапар аясында жүзеге асқан маңызды шаралардың бірі – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Түркияның TÜRK-IŞ Кәсіподақтар конфедерациясының президенті Ергүн Аталаймен және Түркияның Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрі Ведат Ішікханмен кездесуі.

Басқосуға қатысушылар Қазақстан мен Түркияда әлеуметтік әріптестікті дамыту саласында өзара тәжірибе алмасты.

Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнату бағытында қазақстандық тәжірибемен бөлісті. Атап айтқанда, ол Кәсіподақтар федерациясының еңбекшілерге лайықты жағдай жасау, қызметкерлердің әл-ауқатын арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбекті қорғау, қызметкерлердің осал санаттарын қолдау, гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі бастамаларын тілге тиек етті.

Өз кезегінде Түркияның TÜRK-IŞ Кәсіподақтар конфедерациясының президенті Ергүн Аталай қос мемлекеттің кәсіподақтары еңбек стандарттарын жақсарту және еңбекшілерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселелерін жіті назарда ұстау керектігін алға тартты.

Түркияның Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрі Ведат Ішікхан әлеуметтік-еңбекті қорғау, сондай-ақ азаматтарды тиісті деңгейде зейнетақымен қамтамасыз ету және жеңілдіктер қарастыру сынды бірқатар өзекті мәселені атап өтіп, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Анықтама:

TÜRK-IŞ кәсіподақтар конфедерациясы – 1952 жылы құрылған және 35 салада мүшелік ұйымдары бар Түркия Республикасының ең ірі ұлттық Кәсіподақ орталығы. TÜRK-IS құрамында 1 миллион 400 мың адам кәсіподақ мүшесі. Конфедерацияның тоғыз аймақтық өкілдігі (Стамбул, Бурса, Измир, Адана, Диярбакыр, Мармара, Эскишехир, Сивас және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы) және бүкіл елде жұмыс істейтін 81 өлкелік өкілдіктері бар. TÜRK-IS – халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының, Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының және ЭЫДҰ жанындағы Кәсіподақтар Консультативтік комитетінің мүшелік ұйымы.

Ергүн Аталай – TÜRK-IŞ кәсіподақтар конфедерациясының президенті.

Ергүн Аталай қызметін Адапазар вагон жасау зауытында қатардағы жұмысшы ретінде бастады. 1978 жылы TÜVASAŞ жұмысшылар кәсіподағының өкілі болып тағайындалды. 2002 жылдың желтоқсанында ол TÜRK-IS директорлар кеңесінде жалпы білім беру хатшысы, әрі басшының орынбасары қызметін қатар атқарды. Ергүн Аталай 2015 жылдың 3-6 желтоқсанында және 2019 жылдың 5-7 желтоқсанында өткен 22-ші және 23-ші кезекті Бас ассамблеяларда TÜRK-IS төрағасы лауазымына қайта сайланды.

Ергүн Аталай кәсіподақ ұйымын жұмыс берушілердің немесе бюрократияның қысымынсыз құруды жақтайды:

“Еңбекшілерге қатысты көптеген өзекті мәселелердің түйіні кәсіподақтар құрылмай шешілмейді. Жұмыс орныңызда жайлы жағдай жасалып, қаржылық және әлеуметтік құқық қорғалсын десеңіз кәсіподақтарға бірігу керек. Кәсіподақ бар жерде еңбекшілерді қанау немесе оларға қатысты шектен шығуға жол берілмейді”.

Ведат Ішікхан – Түркияның Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрі (2023 жылғы 4 маусымнан бастап). Ведат Ішікхан – түрік саясаткері, профессор. Ғылыми еңбектерінде жұмысшылардың құқығы, әлеуметтік саясат, балаларды жұмысқа жегуге қарсы күрес, әлеуметтік мәселелер, халықтың аз қамтылған топтары, әлеуметтік қызмет, еңбекті қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік жәрдемақы, кәсіподақтар және зейнетақымен қамсыздандыру сынды тақырыптарды қамтыған.

Хаджеттепе университетінің отбасылық қызметті қолдану орталығында басшылық қызмет атқарды. Отбасын әлеуметтік қолдау бағдарламасының (ASDEP) тұңғыш зерттеу жұмысының бас үйлестірушісі, Президент жанындағы әлеуметтік саясат жөніндегі кеңес төрағасы болды.

Ұлттық және халықаралық деңгейде стрессті басқару бағытына қосқан зор үлесі, сүбелі зерттеуі, сондай-ақ, мол тәжірибесі үшін Ішікхан мырза Халықаралық стрессті басқару қауымдастығының Сараптамалық кеңесінің 2016 жылғы сыйлығымен марапатталды.

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының медиа орталығы