Елорда кәсіподақтары жұмысшылардың құқықтарын қорғау және ынтымақтастықты нығайту үшін бас қосты

Бүгін Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Төлеген Күнәділов ағымдағы жылғы 12 сәуірде елордада өткен Қазақстан еңбекші әйелдерінің форумының негізгі мақсаттары мен міндеттерін белгіледі. Форум әлеуметтік-еңбек саласындағы мүмкіндіктер мен әділеттілік теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарға қол жеткізудегі маңызды қадам болғанын атап өтті.

«Халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен форумнан үлкен әсер алдым. Форумда қазақстандық жұмысшы әйелдердің қоғамдағы рөлі, олардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесіне айрықша көңіл бөлінді.Барлық секциялық алаңдардың жұмысы өте белсенді өтті. Қабылданған резолюцияда еңбекші әйелдердің жағдайын жақсарту, әйелдердің құқығын қорғау шараларын жүзеге асыру баса айтылды. Форум делегаттары 2025 жылды – Гендерлік теңдік жылы деп жариялауды қуана қолдады және кәсіподақтар алға тартқан қағидаттардың жүзеге асыруына атсалысады. ҚР Кәсіподақтар федерациясына форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіреміз»,-деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының жанындағы Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссияның мүшесі Тілеулес Мадьярова.

Еліміздегі су тасқыны болған өңірлерге көмек беру жағдайы баяндалды. Салалық кәсіподақ орталығының филиалдары қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, теміржол және мәдениет салалық кәсіподақтар филиалының төрағалары су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қаржылай және гуманитарлық көмек көрсету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Отырыс барысында кеңес төрағасы республикада «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды.

Кеңесте Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов ағымдағы жылдың 5 мамырында Кәсіподақ федерациясының «KASIPODAQ WIN 2024» ынтымақтастық жүгіру марафонын өткізетінін мәлімдеді. Жарыстың мақсаты – елордада бұқаралық спортты дамыту, қала тұрғындары мен қонақтары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұлтты сауықтыру, қауіпсіз еңбекті насихаттау және ілгерілету.

«Кәсіподақтың марафонды ұйымдастыруы қызметкерлер арасында спорттық мәдениет пен салауатты өмір салтын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл іс-шара физикалық және психологиялық денсаулықты нығайтуға, сондай-ақ ынтымақтастық пен командалық рух атмосферасын қалыптастыруға ықпал етеді. Кәсіподақтар осындай іс-шараларды ұйымдастыра отырып, қызметкерлердің мүдделерін қорғау және олардың өмірі мен еңбегі үшін қолайлы жағдайлар жасау миссиясын жалғастырады»,-деп атап өтті Төлеген Күнәділов.


Ол марафонға дайындық жоспарымен бөлісе келе, жарысқа қатысуға ниет білдірген кәсіподақ мүшелерінің қатысуын қамтамасыз етуді тілге тиек етті. Үйлестіру кеңесінің мүшелері спорттық іс-шараға қолдау білдірді.