С.Дәулеталин: кәсіподақтардың халықаралық деңгейде бірігуі әлеуметтік әділдік орнауына, еңбек саласының тұрақты дамуына жол ашады

Анкараға (Түркия) жұмыс сапары аясында Түркі мемлекеттері кәсіподақтары ұйымының Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің басшысы Бинәлі Йылдырыммен кездесті.

Тараптар жаһандық және өңірлік мәселелерді шешуде интеграциялық құрылымдар негізінде түркі мемлекеттерінің атқарып жатқан қыруар жұмысын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, бұл ынтымақтастық ортақ тарихи мәдени мұрадан, ғасырлар қойнауынан жеткен салт-дәстүр мен адамгершілік қағидалардан бастау алатыны сөз болды. Бұл түркі халықтарының жақындаса түсуіне бірден-бір себеп.

Әңгіме барысында Сатыбалды Дәулеталин бауырлас түркі халықтарын ортақ мақсат пен мүдде біріктіретінін, соның арқасында өзара ынтымақтастық нығаятынын айрықша атап өтіп, әріптестік көкжиегін кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.

Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтары ұйымының Бас хатшысы Ақсақалдар кеңесінің басшысы Бинәлі Йылдырымның түркі әлеміне қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіріп, қос ұйым арасындағы әріптестік бұдан ары қарқынды дами түсетініне сенімді екенін атап өтті.

Өз кезегінде, Бинәлі Йылдырым ұлттық кәсіподақ орталықтарының өңірдегі кәсіподақ ынтымақтастығын нығайтуға деген ұмтылысын жоғары бағалады.

“Соңғы жылдары кәсіподақтар жұмысшылардың құқығын қамтамасыз етуде және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқара бастады. Түркі елдеріндегі жағдайға зер салсақ, кәсіподақтардың ықпалдастығы еңбек құқығын нығайтуда және еңбек жағдайын жақсартуда шешуші рөл атқарады”, – деді Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің басшысы.

Оның пікірінше, өңірлік және халықаралық деңгейдегі кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту, олардың әлеуметтік саясатты қалыптастыруға белсенді атсалысуы әділетті қоғам құруға және еңбек саласының тұрақты дамуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, тараптардың кездесуі Түркияның ұлттық егемендік және балаларды қорғау күніне орайластырылған Түркі әлемінің балалары фестивалімен тұспа-тұс келді.

Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы 7 мемлекеттен келген бүлдіршіндерге түп тамырын білудің қаншалықты маңызды екеніне айрықша тоқталды.

“Түркі әлемі сан ғасырлық тарихымен, бай мәдени мұрасымен ерекшеленеді. Ел болашағы сендердің қолдарыңда. Баға жетпес мұраны көздің қарашығындай сақтау керек. Ұшқыр ойлы, жаңалыққа жаны құмар ізденімпаз, талапты, шығармашыл болыңдар. Білім жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Соның арқасында жетістікке жетіп, нағыз кәсіби маман боласыңдар. Бір-біріңе қолдау көрсетіп, жанашыр болыңдар. Ал біз сендердің осы жолда сүрінбей, армандарыңа жету үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз”, – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол, сондай-ақ, балаларға кәсіподақтардың жұмысы жайлы, ұрпақ сабақтастығы арқасында қалыптасқан дәстүрлері мен құндылықтары туралы әңгімеледі.

 

Анықтама: Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесі ұйымға мүше-мемлекеттердің ақсақалдары, белді мемлекеттік қызметкерлер (бұрынғы премьер-министрлер, министрлер, депутаттар, елшілер) кіретін консультативтік орган.

 

Бинали Йылдырым – Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Түркияның мемлекет және саяси қайраткері. 2016 жылғы 22 мамырдан 2017 жылғы 21 мамырға дейінгі аралықта «Әділет және даму партиясының» жетекшісі болды. 2016 жылғы 22 мамырдан 2018 жылғы 9 шілдеге дейін Түркияның Премьер-министрі қызметін атқарды.

 

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының медиа орталығы