Ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері интеграциялық бірлестік жұмысының бірқатар аспектілерін талқылады  

2024 жылдың 24 сәуірінде Анкараға (Түркия) жұмыс сапары аясында Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдерімен ТМКҰ қызметіне қатысты ұйымдастырушылық-техникалық, қаржымен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

“Сындарлы диалог негізінде алдағы уақытқа арналған нақты іс-қимыл жоспарын құру, қажетті ресурстарды есепке алу ұйымның стратегиялық жоспарының негізін қалайды. Сондықтан қаржылық және ұйымдастырушылық-техникалық аспектілерді егжей-тегжейлі талқылау – ТМКҰ миссиясын табысты іске асыруға бағытталған ортақ жұмыстың маңызды бөлігі”, – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин әріптестерімен кездесуде.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшысы Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымы кеңсесінің жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, интеграциялық құрылым Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Түркия кәсіподақтар конфедерациясы TÜRK-IŞ арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған 2019 жылдан бастау алады. Уақыт өте түркі мемлекеттерінің кәсіби орталықтарын біріктіретін бірыңғай ұйым құрудың бірегей идеясын Әзербайжан мен Өзбекстанның кәсіподақ бірлестіктері қабылдады.

Нәтижесінде, 2023 жылғы 29 шілдеде Шуша қаласында (Әзірбайжан) түркі мемлекеттерінің кәсіби одақтар ұйымын құру туралы келісімге қол қойылды. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның Ұлттық кәсіби орталықтары кірді. Былтыр қыркүйек айында Самарқандта халықаралық кәсіподақ бірлестігінің Құрылтай жиналысы өтті. Басқосуда ТМКҰ басқарушы құрамы сайланып, ұйымның жаңа мүшесі ретінде Қырғызстан кәсіподақтар Федерациясы қабылданды.

Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының басты мақсаты –  озық кәсіподақ тәжірибелерін ілгерілету жолында жұмыла жұмыс істеу, тәжірибе алмасу және бауырлас елдердегі 48 миллион еңбекшінің мүддесін қорғау мақсатында еңбек нарығындағы ахуалды өзгерту.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақ федерациясының медиа орталығы