Өз еңбегіңді қауіпсіз ет!

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні – Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) бастамасымен 2003 жылы 28 сәуірде алғаш рет атап өтіле бастаған халықаралық мереке.

Мерекенің ұраны жыл сайын өзгеріп отырады, бірақ олардың барлығы өндірісте адамдардың қауіпсіздігін сақтаумен байланысты болады.

2024 жылғы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің тақырыбы: «Климаттың өзгеруінің еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына әсері».

Ауаның ластануы, қатты ыстық пен құрғақшылық, су тасқыны және ірі өндірістік апаттар сияқты климаттық факторлар кәсіптік тәуекелдердің артуына, тыныс алу және жүрек-қан тамырлары ауруларының санының артуына, тамақ өнімдері мен су арқылы таралатын аурулардың таралуына, жарақаттар мен мезгілсіз өлімге әкеледі.

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Құрылыс кешені мен ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағының “Астана” қалалық филиалы “Өз еңбегіңді қауіпсіз ет” акциясын өткізді. Акцияның мақсаты мүшелік ұйымдардағы еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды жақсарту болып табылады.

Филиал төрайымы Тілеулес Мадьярова мүшелік ұйымдарын ұжымдық іс-қимылға, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің назарын еңбекті қорғау саласындағы проблемаларға аударуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын жүргізуге, жұмыс орындарындағы қауіптер мен тәуекелдерге назар аударуға шақырды.

«Жұмысшыларға қолайлы еңбек жағдайларын жасау, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру, өндірістік жарақаттануға жол бермеу, өз қызметкерлерінің денсаулығына үнемі қамқорлық жасау — кез-келген деңгейдегі басшының алдында тұрған маңызды міндеттер және қызметкерлер де өз қауіпсіздігін ұмытпауы керек. Еңбекті қорғау талаптарын білу және қатаң сақтау-бұл барлық адамдар үшін ереже!»,-дейді Тілеулес Мадьярова.