Жұмысшылар еңбек құқығын қорғау мақсатында Заң  клиникасына жүгінді

Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының заң клиникасы өзінің негізгі мақсаты – еңбек заңнамасы мәселелері бойынша кәсіподақ мүшелеріне, сонымен қатар өзге де азаматтарға тегін заңгерлік консультациялық қызметтер көрсету жұмыстарын жандандыра түсуде.

Бұл жолы заң клиникасы жанындағы қоғамдық қабылдауда «Omarket Astana» (Омаркет Астана) ЖШС-нің жұмыскерлері арасынан шыққан бастамашыл топ өкілдері болды.

Олардың айтуларынша, 2024 жылғы 6 ақпанда жұмыс беруші, яғни Серіктестік пен жұмыскерлер арасында еңбек шарты жасалған және осы шарттың еңбек ақы төлеу бөлігі бойынша жұмыскерге 200 000 теңге мөлшерінде жалақы белгіленген, алайда аталған шарттың өздеріне тиесілі 2-данасы Серіктестік қызметкерлері тарапынан ешбір жұмыскерге табысталмаған.

Сонымен қатар, арада көп уақыт өтпей 2024 жылғы 1 сәуірден бастап Серіктестік басшылығы тарапынан жоғарыда аталған 06.02.2024 жылғы еңбек шартына қосымша келісім жасалып, шарттың еңбек ақы төлеу бөлігі бойынша жұмыскерге 95 000 теңге мөлшерінде жалақы белгіленсін деп өзгеріс енгізілген.

Еңбек ақысына қатысты енгізілген елеулі өзгерістер бойынша жұмыскерлер өздері еңбек етіп отырған Серіктестік басшылығы тарапынан тиісті жауап ала алмай заң клиникасы жанындағы қоғамдық қабылдауға келді.

Жұмыскерлер тарапынан көтеріліп отырған заңды талаптар Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының заң клиникасының назарына алынып, жедел түрде «Omarket Astana» (Омаркет Астана) ЖШС-нің басшылығына жұмысшылар тарапынан туындап отырған наразылыққа байланысты қызметкерлердің еңбек ақысы бастапқы еңбек шартына сай қалдырылып, жұмыс беруші жағынан қосымша келісімнің бір тарапты жасалуының заңсыз екендігі жеткізілді.

Ақтөбе облысы