ҚРКФ Атқару Комитеті еңбек жанжалдарының алдын алу және еңбекті қорғау мәселелерін қарастырды

Жұма күні, 24 мамырда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен ҚРКФ Атқару комитетінің кезекті отырысы өтіп, оның барысында еңбек қатынастарының ағымдағы жағдайы қаралды. Оның ішінде: еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу, сондай-ақ елдегі кәсіпорындардағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелері.

Еңбек саласындағы негізгі түйткілді мәселелер туралы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев баяндады. Оның айтуынша, бүгінде жалақы бойынша берешек мәселелері ерекше бақылауда. Осы мәселе үшжақты комиссиялардың 20 отырысында талқыланды. Бүгінгі таңда 7800 қызметкерге 834,4 млн.теңгеден астам жалақы бойынша берешекті өтеу қамтамасыз етілді.

Мұхтар Тінікеев еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты 2023 жылы Қазақстанда өндірістік жарақат алу 2022 жылмен салыстырғанда 0,3%-ға өскенін хабарлады. Бұл ретте кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда 2023 жылы жазатайым оқиғалардың саны 1,4%-ға азайды.

Ағымдағы жылы мүше ұйымдардың мәліметтері бойынша республика кәсіпорындарында 1236 жазатайым оқиға тіркелді, соның салдарынан 1437 адам зардап шекті, оның 250-і өліммен аяқталды.

Әлеуметтік-еңбек саласындағы маңызды мәселелердің бірі еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу болып табылады.

«Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік серіктестермен бірлесе отырып, 2019 жылы Үкімет қабылдаған Еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыруда. Еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу бойынша мемлекеттік органдар мен әлеуметтік серіктестіктердің бірлескен іс-қимылдарының қадамдық алгоритмі жүзеге асырылуда», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Еңбек жанжалдарының туындау себептерін анықтау мақсатында Кәсіподақтар федерациясы еңбек жанжалдарының мониторингін, сондай-ақ ауқымды құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оның шеңберінде биылғы 1 тоқсанында кәсіподақтың 6 мыңнан астам мүшесі оқытудан өтті. Сонымен қатар аумақтық кәсіподақ бірлестіктерімен 2107 кәсіподақ мүшелерін қамти отырып, 280-ден астам еңбек консультациялары өткізілді.

Кәсіподақтар федерациясының мәліметінше, жыл басынан бері 52 еңбек жанжалдары орын алған. Сонымен қатар, еңбек жанжалдары анықталған 52 кәсіпорынның 32-сінде кәсіподақ ұйымы бар және тек 16-сы ҚРКФ мүшелік ұйымы болып табылады. 35 еңбек жанжалы Маңғыстау облысында орын алған.

Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Сәдуақас Бекғалиев Атқару комитетінің мүшелерін Маңғыстау облысындағы жағдаймен таныстырды.

Оның айтуынша, кәсіподақ тарапынан орталығы еңбек дауы бар кәсіпорындардағы жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ басқа кәсіпорындардағы әлеуметтік шиеленіс деңгейін төмендету бойынша шаралар қабылдауда.

Ағымдағы жылдың басынан кәсіподақ орталығы қызметкерлермен және жұмыс берушілермен 78 келіссөздеріне қатысып, оның барысында тиісті түсіндірмелер мен кеңестер берді.

«Еңбек жанжалдарының пайда болу жолдарын жою мақсатында біздің өңірлік штаб мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, біз еңбек жанжалдарының енді пайда болған кезеңдегі ақпаратымен алмасып, оның алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл мәселелерді шешу үшін алдын ала қол қойылған алгоритмнің нәтижесі. Жыл басынан бері кәсіподақ орталығының қатысуымен облыстық үшжақты комиссияның 10 отырысы және еңбек дауларының туындау қаупі бар кәсіпорындардағы жағдайларды қарау жөніндегі жұмыс комиссиясының құрамында 7 отырыс өткізілді. Оның қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге тиісті хаттамалық тапсырмалар әзірленді», – деді Сәдуақас Бекғалиев.

Оның айтуынша, еңбек даулары туындауының негізгі себептері – еңбек заңнамасының бұзылуына байланысты мәселелер, соның ішінде жалақы мәселесі, ұжымдық шарт талаптарының орындалмауы. Әлеуметтік шиеленісті тудыратын себептердің бірі ретінде Садуақас Бекғалиев шетелдік кәсіпорындардың еңбек арбитражының шешімдері мен сот актілерін орындамау фактілерін атады.

Маңғыстау облысындағы кәсіподақ ұйымдарының жұмысы ақпаратымен танысқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік диалог және кәсіподақтардың құқықтық саладағы іс-әрекеттері арқылы кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

ҚРКФ басшысы еңбек консультацияларын жүргізу және еңбекшілердің, оның ішінде кәсіподақтар жоқ ұйымдардың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмысын жалғастыруға шақырды. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе барлық өңірлерде енгізілуде.

«Көп жағдайда еңбек дауларының себептері жұмыс берушінің жұмысшылардың пікірлерін елемеуі және кірістерді әділетсіз бөлу болып табылады. Бұл факторлар әлеуметтік жанжалдың өсуіне ықпал етеді», – деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Атқару комитетінің мүшелері қаралған мәселелердің өзектілігін атап өтіп, еңбек жанжалдарының пайда болу себептерін мониторингілеу, ҚР 2024-2030 жылдардағы Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру, еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылауды күшейту, сондай-ақ қызметкерлердің еңбекақы деңгейі мен еңбек жағдайларын арттыру мәселелерін ілгерілету бойынша бірқатар бірінші кезектегі міндеттерді бекітті.

Отырыс барысында Атқару комитетінің мүшелері кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор туралы үлгілік Ереже қабылдады.

Мұхтар Тінікеев хабарлағандай, Ереже техникалық инспектордың құқықтары мен міндеттерін анықтайды, сонымен қатар техникалық инспекторларды ынталандыруға бағытталған стандарттарды көрсетеді. Мысалы, техникалық инспектордың функцияларын орындағаны үшін жұмыс берушінің қаражатынан ұжымдық шартта белгіленген мөлшерде, айына 5 АЕК-тен кем емес қосымша ақы төлеу ұсынылады.

Айта кету керек, бүгінгі таңда ҚРКФ-на мүше ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 11 200 өндірістік кеңес жұмыс істейді, еңбекті қорғау заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды 16 935 техникалық еңбекті қорғау инспекторы жүзеге асырады. Өткен жылы техникалық инспекторлар еңбек қауіпсіздігі бойынша 112 мыңға жуық тексеру жүргізіп, оның барысында еңбек жағдайлары мен қауіпсіздікті жақсартуға бағытталған 142 мыңға жуық ескертулер мен 54 мың ұсыныстар берілді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин техникалық инспекторлар институтын нығайтудың маңыздылығын, еңбек қауіпсіздігі кәсіподақ қызметінің басты басымдығы екенін атап өтті.

«Өкінішке орай, жыл сайын өндірісте 200-ге жуық адам зардап шегеді.   Кәсіподақтар федерациясы бірқатар кәсіподақ бастамаларын қамтитын Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге белсенді қатысты. Қазіргі таңда мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру туралы кәсіподақтардың бастамасымен көтерілген мәселе шешілді. Біз де мемлекеттік инспекторлардың санын көбейту мәселесін бірнеше рет көтердік, жағдайдың шешімі оң болады деп сенеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Атқару комитетінің отырысы барысында орман, жануарлар дүниесі және ауыл шаруашылығы ұйымдарындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелері де қаралды. Салалық кәсіподақ жетекшілері қатысушыларды ағымдағы жағдаймен таныстырды.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Қайрат Өстеміровтың айтуынша, 2023 жылы салалық ұйымдарда 5 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 15 адам қаза тауып, 3 адам жарақат алған.

«Адамдар «Семей орманы» резерватында ірі орман өртін сөндіру кезінде қаза болды. Апат актісінде көрсетілген кемшіліктерді жою үшін «Семей Орманы» барлық қажетті шараларды қабылдауда. Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженерлер ай сайын жұмыс орындарында нұсқамалар өткізеді. Өрт сөндіру қызметтерін қорғау мақсатында жеке қорғаныс құралдары сатып алынды», — деді Қайрат Өстеміров.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Егор Каппель аграрлық сала кәсіподақтары өндірістік кеңестердің жұмысын ұйымдастырып, жұмыс орындарын еңбек жағдайлары бойынша аттестациялауға атсалысатынын, сондай-ақ қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

«Өткен жылы 57 сала қызметкері өндірісте жарақат алып, оның 12-сі қаза болды. Қостанай облысындағы «Шолақсай-1» ЖШС кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорында адам өліміне әкелген жазатайым оқиға орын алып, жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз дәлелденді», – деді Егор Каппель.

Қауіпсіз еңбек тақырыбын жалғастыра отырып, Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне жазатайым оқиға кезіндегі жауапкершілікке қатысты кәсіподақтардың ұстанымын еске салды.

«Кәсіподақтар федерациясы аралас жауапкершілікті жою қажеттігін үнемі айтып келеді. Егер жарақат жұмыс орнында болса, онда бұл жағдайда жұмыс беруші кінәлі. Біз өз ұстанымымызға берік болып, бұл бастаманы одан әрі ілгерілететін боламыз», – деді ҚРКФ басшысы.

ҚРКФ-на мүше ұйымдардың 2023 жылға арналған статистикалық есеп беру нәтижелерін қарау шеңберінде Федерация Атқару комитеті кәсіподақ мүшелерінің санын сақтау және көбейту бойынша жұмыстың нәтижелерін атап өтті.

ҚРКФ аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру бойынша белсенді жұмысты оқу – ағарту, ғылым және жоғары білім беру қызметкерлерінің, мемлекеттік және банк мекемелері қызметкерлерінің және ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподақтары жүргізгенін хабарлады.

«Саны бойынша ең үлкені – оқу – ағарту, ғылым және жоғары оқу орындары қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы, «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы, сондай-ақ тау-кен металлургия саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы. Өткен жылы 6 жергілікті кәсіподақ пен 621 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оған 45 мыңға жуық кәсіподақ мүшелері тартылды», – деп қосты ол.

Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне кәсіподақ мүшелігін қамту, жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру, ұжымдық шарттар жасасу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау және адам құқықтарын қорғау саласындағы жұмыстарды қадағалағаны үшін алғыс айтты.

Қабылданған шаралар, деді ол, кәсіподақ қозғалысының көкжиегін кеңейтуге септігін тигізеді.

Соңында Атқару комитетінің мүшелері жыл сайынғы «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиа-байқауын өткізуді мақұлдады. Байқау бес номинация бойынша өтеді: «Үздік журналист», «Үздік ақпараттық серіктес», «Үздік фотообъектив», «Кәсіподақтардың үздік кәсіподақ ақпараттық ресурсы», «Кәсіподақтың үздік баспасөз қызметі».

Оған жыл сайын БАҚ өкілдері, федерацияның ақпараттық жұмыс жөніндегі мүшелік ұйымдарының мамандары, фотографтар қатысады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы